Қазақстанның май өнімдері Қытайға көптеп жөнелтіле бастады
Қазақстандық өндірушілер Қытай Халық Республикасына май-тоңмай өнімдерін жеткізу көлемін едәуір арттырып отыр.
Қазақстандық өндірушілер Қытай Халық Республикасына май-тоңмай өнімдерін жеткізу көлемін едәуір арттырып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Соңғы жылдары қазақстандық өнім Қытай нарығында сұранысқа ие бола бастады. Мәселен, өткен жылы Қазақстан Қытайға күнбағыс майын жеткізу бойынша 36 пайыз үлеспен екінші орынға шыққан.
Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимов сөзінше, 2025 жылы Қазақстанның май-тоңмай өнімдерінің Қытайға экспорты 44 пайызға өскен.
Жалпы көлемі 440 мың тоннаға жетті. Ал экспорттан түскен табыс 37 пайызға артып, 312 млн АҚШ долларын құрады, - дейді ол.
Ядыкар Ибрагимов экспорт көлемінің өсуіне логистикалық тетіктердің жетілдірілуі де әсер еткенін атап өтті.
2024 жылдың басынан бастап Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығы мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Достық–Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы өсімдік майын қайта тиеуге арналған пилоттық жобаны іске қосқан.Осы жобаның нәтижесінде Қытай бағыты бойынша жөнелту жоспарының орындалу деңгейі 90 пайыздан асып отыр. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіш 40 пайыз болды, - дейді ол.
Сонымен қатар биыл наурыз айында жаңа жоба іске қосылды. Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы мен «Қазақстан темір жолы» Қытай бағытына күнбағыс шротын астық тасымалдайтын вагондар арқылы экспорттау жоспарын пилоттық режимде іске қосты.
Бұл жүйе бұған дейін тиімділігін көрсеткен өсімдік майын тасымалдау тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асырылып отыр. Сарапшылардың пікірінше, мұндай логистикалық шешімдер қазақстандық майлы дақыл өнімдерінің Қытай нарығындағы үлесін арттыруға мүмкіндік береді.