Қазақстандық конькиші Кристина Шумекова әлем кубогы кезеңінде үздік ондыққа енді
Пекинде өткен әлем кубогының екінші күнінде үш қазақстандық конькиші үздік 15 спортшының қатарына енді.
Конькимен жүгіруден Пекинде өтіп жатқан әлем кубогының кезеңінің екінші күнінде Қазақстанның үш өкілі үздік 15 спортшының қатарына енді.
Кристина Шумекова 1500 метр қашықтықта 1 минут 57,38 секунд нәтиже көрсетіп, тоғызыншы орынға тұрақтады. Айта кетейік, бұған дейін ол ересектер арасындағы әлем кубогы кезеңінде алғаш рет жүлдегер атанып, 1000 метр қашықтықта күміс медаль жеңіп алған болатын.
500 метр қашықтықта Қазақстан атынан 2026 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушылары Кристина Силаева мен Евгений Кошкин өнер көрсетті. Олар тиісінше 38,48 және 35,06 секунд нәтижемен 11-ші және 13-ші орындарды иеленді.
Екінші деңгейлі дивизионда 500 метр қашықтықта Алина Дауранова тоғызыншы, ал Артур Галиев 18-ші орынға жайғасты.
1500 метр қашықтықта Мария Деген 17-ші, Инесса Шумекова 18-ші орын алды. Ал Нұралы Ақжол үздік 20 спортшының қатарын түйіндеді.
Конькимен жүгіруден әлем кубогының алғашқы кезеңі 15 қарашада аяқталады.