Қазақстандық кәсіпкерлер экспорттық өнімдерді таңбалау аясын кеңейтуде
Қазіргі уақытта Қазақстанда өнімді таңбалау міндетті түрде тек бірнеше тауар санаты үшін ғана енгізілген. Ал Ресейде 20-дан астам тауар санаты таңбалауға жатады, олардың қатарына косметика, тұрмыстық техника, автотауарлар мен ойыншықтар кіреді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мұндай тауарларды таңбаламай Ресей аумағында сату заңмен тыйым салынған, бұл өз кезегінде қазақстандық кәсіпкерлер үшін шектеулер туғызады.
Қолданыстағы таңбалау ережелерінің кәсіпкерлерге, экспортқа және ішкі нарыққа қалай әсер ететіні жөнінде ТМД елдеріндегі Wildberries компаниясының серіктестермен жұмыс істеу бөлімінің басшысы Евгения Савенкова-Петриченко айтып берді.
Біздің серіктестеріміз бен сатушыларымыз өз өнімдерін таңбалап, оны Қазақстаннан Ресейге еркін экспорттай алуы біз үшін аса маңызды. Қазіргі таңда біз тоқыма өнімдері мен аяқ киімді таңбалау мүмкіндігіне қол жеткіздік, жеңіл өнеркәсіп саласының барлық өнімі сәтті таңбалануда, осының нәтижесінде қазақстандық кәсіпкерлер ішкі нарықты дамытып қана қоймай, өз өнімдерін экспорттауда. Сонымен қатар біз таңбалау жүйесін барлық тауар санатына кеңейтуді көздеп отырмыз. Бұл кәсіпкерлердің заңды түрде жұмыс істеуіне, салықтарды ел ішінде төлеуіне және сату процесінің ашық әрі түсінікті болуына мүмкіндік береді. Осы мақсатта біз мемлекеттік органдармен, Сауда және интеграция министрлігімен, салалық ұйымдармен, «Қазақтелеком» және «Таңба» жүйесімен тығыз ынтымақтастық орнатып отырмыз. Басты мақсатымыз – бизнестің еш кедергісіз дамуына жағдай жасау және Қазақстан мен Ресейдің заңнамалық талаптарын сақтау, – деді ол.
Оның айтуынша, таңбалау аясын кеңейту және рәсімдерді оңайлату нарықтың ашықтығын арттыруға, заңға бағынатын кәсіпкерлерді қорғауға және қазақстандық өнімдерді Ресейге қауіпсіз экспорттауға мүмкіндік береді.