23 Қараша 2026, 16:37

Қазақстандық Integra қытайлық компаниялармен жаңа келісімдер жасасты: Қандай жобалар қолға алынбақ?

Integra қытайлық серіктестерімен жол, әлеуметтік және өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жаңа келісімдерге қол қойды.

Қазақстандық Integra компаниясы қытайлық мердігерлермен ынтымақтастығын нығайтып келеді. Екі іскерлік кездесудің қорытындысы бойынша тараптар жол және әлеуметтік инфрақұрылым саласындағы бірлескен жобаларды дамытуға уағдаласты. Сондай-ақ Атырау облысындағы Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі нысандарының құрылысына қажетті жабдықтарды жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылды.

Integra компаниясының China Road and Bridge Corporation (CRBC) өкілдерімен кездесуінде компанияның бас директоры Мадияр Сәттыбаев пен қытайлық корпорацияның басшысы Ван Лицзюнь ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Тараптар инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асырудағы табысты тәжірибеге негізделген өзара сенімнің жоғары деңгейін атап өтті. Келіссөздер барысында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қорытындыланып, алдағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Қол қойылған құжат компаниялардың жол және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында жаңа бірлескен жобаларды дамыту жөніндегі ниетін бекітеді.

Тағы бір кездесу China Huanqiu Contracting & Engineering (Shanghai) Co., Ltd. (HQSH) өкілдерімен өтті. Келіссөздерге Integra компаниясының бас директоры Мадияр Сәттыбаев, HQSH басқарма төрағасы Чэнь Цзянь, HQC маркетинг жөніндегі директордың орынбасары Чжоу Жаньхоа және Jiangsu Jingyuan компаниясының өкілдері қатысты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Атырау облысындағы Қарабатан учаскесінде орналасқан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылымын салу жобасына қажетті жабдықтарды жеткізу туралы келісімшарт жасасты.

Құрылыстың екінші кезеңі аясында сыртқы сумен жабдықтау желілерін, сондай-ақ су дайындау және сарқынды суларды тазарту қондырғыларын салу көзделген. Бұл нысандардағы жұмыстар екі кезеңге бөлінген.

Осылайша, Integra компаниясының қытайлық серіктестерімен ынтымақтастығы перспективалы инфрақұрылымдық бастамаларды ғана емес, Қазақстанның өнеркәсіптік инфрақұрылымын дамытуға бағытталған нақты жобаларды да қамтиды.