27 Тамыз 2026, 12:35 Фото: mustafinmag.kz мультфильмінен кадр

Қазақстандық хоррор-мультфильм АҚШ-та арнайы жүлдеге ие болды

Қазақстандық «KÖLEÑKE» (18+) анимациялық жобасы АҚШ-та өткен Portland Festival of Cinema, Animation & Technology (PFCAT) халықаралық фестивалінде қазылар алқасының арнайы жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Қазақанимация» шығармашылық бірлестігінің бұл жұмысы хоррор-анимация категориясында аталып өтті.

Қазылар алқасы жобаға авторлық стилі мен ерекше визуалды эстетикасын жоғары бағалап, «Ерекше көзқарас пен шығармашылық шеберлігі үшін» марапатын берді.

«KÖLEÑKE» жобасымен қазақстандық мамандар командасы жұмыс істеді.

Сценарий авторы – Ернар Тілеубаев, қоюшы-режиссері – Мақсат Аяпов, қоюшы-суретшісі – Даир Жиенқұлов, атқарушы продюсері – Нұржігіт Сұлтанберді.

Сонымен қатар, америкалық фестивальдің негізгі бағдарламасында «Қазақанимацияның» тағы екі жұмысы – «Su perisi» фолк-хорроры мен «Shańyraq» драмасы көрсетілді.

Соңғы екі жоба үшін Портлендтегі фестиваль халықаралық аудитория алдындағы алғашқы тұсаукесер болды.