6 Қазан 2026, 06:35 Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазақстандық ғалымдар су мен топырақты тазартудың тиімді әдісін ұсынды

Зертханалық сынақтарда жекелеген ластағыштарды жою тиімділігі 99%-ға дейін жеткен.

Сәтбаев университетінің ғалымдары су мен топырақты ауыр металдардан, радиоактивті элементтерден және органикалық ластағыштардан тазартуға арналған технологиялар әзірледі. Зертханалық сынақтарда жекелеген ластағыштарды жою тиімділігі 99%-ға дейін жеткен.

Технологиялардың негізін табиғи шикізат пен өсімдік қалдықтарынан алынатын сорбциялық материалдар құрайды. Олар ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеп, су мен топырақты тазартуға арналған материалдар өндіруге мүмкіндік береді.

Ғалымдар әзірлеген сүзгі материалы судағы стронций-90 мөлшерін 99%-ға дейін төмендеткен. Цезий-137-ні жою жүйелері де жоғары нәтиже көрсеткен. Ал күрделі органикалық ластағыштарды тазарту үшін қолданылған суық плазма технологиясы олардың 99%-дан астамын шамамен 30 минутта жоюға мүмкіндік берген.

Әзірлемелер Қазақстан кәсіпорындарының өндірістік ағын суларында сынақтан өткізіліп, суды бірнеше кезеңмен тазарту жүйесі ұсынылды. Құрамында уран бар ерітінділермен де сынақтар жүргізілген.

Зерттеудің тағы бір бағыты – ластанған топырақты қалпына келтіру. Биокөмірді пайдалану мыс, мырыш, кадмий және қорғасынның топырақтағы жылжымалылығын төмендетіп, оның биологиялық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берген.

Жоба жетекшісі, профессор, PhD Тоқтарбай Жексенбектің айтуынша, өсімдік шикізатын пайдалану, сорбенттерді қайта қолдану және химиялық реагенттерді азайту тазарту шығындарын төмендетіп, қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтады.

Зерттеу BR27199301 ғылыми-техникалық бағдарламасы аясында жүргізіліп жатыр. Жоба бойынша халықаралық ғылыми журналдарда 25 мақала жарияланып, төрт пайдалы модельге патент алынған. Ғалымдар сондай-ақ Польша грантын жеңіп алып, Жапонияның Атом энергиясы агенттігінен ғылыми тағылымдамадан өтуге шақырту алған.