Қазақстандық фильмдер шетелдік кинофестивальдерде үздік атанды
Қазақстандық жас режиссерлердің туындылары халықаралық деңгейде жоғары бағаланып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Әмір Кәкеннің «Жазда атамның ауылында» фильмі АҚШ-та өткен «Whittier Film Festival» халықаралық кинофестивалінде Best Short Drama номинациясында жеңімпаз атанды. Бұған дейін бұл картина Ресейдегі «Взрослеем вместе» фестивалінде «Қысқаметражды көркем фильм» аталымы бойынша марапатталған болатын.
Сондай-ақ Қытайдың Сычуань провинциясы, Чэнду қаласында өткен ІІ халықаралық «Golden Panda Awards» кинофестивалінде қазақстандық «Қаш» фильмі «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесін жеңіп алды. Бұл марапат аталған фильмнің операторы, Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Азамат Дулатовқа табысталды.
Айта кетейік, «Golden Panda Awards» фестивалі екі жылдан бері өткізіліп келеді. Оның мақсаты – кинематография арқылы шығармашылық байланыстарды нығайтып, ортақ мәдени кеңістік қалыптастыру.