Қазақстандық электромобиль иелерін қандай өзгерістер күтіп тұр?
Елімізде жоғары жылдамдықты зарядтау стансаларының желісі кеңейіп, электр көліктеріне арналған жаңа жобалар іске асырылады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жандандыруды тапсырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкімет басшысының айтуынша, Халықаралық энергетика агенттігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға қарай электромобильлердің әлемдік автокөлік сатылымындағы үлесі 40 пайыздан асады. Сонымен қатар әлемдік автоөнеркәсіп электр жүк көліктеріне кезең-кезеңімен көшіп жатыр.
Қазір еліміздің негізгі республикалық автожолдарының бойында электр көліктеріне арналған 70-ке жуық қуаттау станциясы жұмыс істейді. Жуырда "Car Park Transformer" компаниясымен 2030 жылға дейін жол бойындағы сервистік қызмет көрсетуге арналған 250 станция салу бойынша инвестициялық келісім жасалды, – деді Олжас Бектенов.
Премьер-министрдің сөзінше, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыру қажет.
Жаңа инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасап, қажетті инфрақұрылымды белсенді дамытуымыз керек. Осыған байланысты Көлік министрлігіне Өнеркәсіп министрлігімен бірлесіп, электр қуаттау станцияларының желісін кеңейту үшін ірі халықаралық компанияларды тарту жұмыстарын күшейтуді тапсырамын, – деді Үкімет басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Премьер-министр Олжас Бектенов автокомпонент өндірісін дамыту жоспарын бір айда әзірлеуді тапсырды.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап көлікті "сұр" жолмен әкелуге тосқауыл күшейтіледі