Қазақстандық экс-судья Айгүл Сайлыбаева ісі: Қылмыстық іс Ресейге беріледі
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжілісте өткен брифингте Айгүл Сайлыбаеваға қатысты кісі өлтіру ісінің Ресейге берілуі мүмкін екенін хабарлады. Халықаралық тергеу тапсырмасы жолданған, күдіктілердің азаматтығы анықталған соң процессуалдық шешім қабылданады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, күдіктілердің азаматтығын анықтау үшін Ресейге халықаралық тергеу тапсырмасы жолданған. Ресми жауап алынғаннан кейін процессуалдық шешім қабылданады.
Ресей Федерациясы да, біз сияқты, өз азаматтарын бермейді. Олардың азаматтығын нақты анықтағаннан кейін, қылмыстық іс тиісті жазасын алу үшін Ресей тарапына беріледі, - деді ол.
Сондай-ақ, материалдарды беру мерзімін нақты атау әзірге мүмкін емес екенін айтты. Қадағалау органы ресми жауапты күтіп, қажетті шараларды жедел қабылдауды жоспарлап отыр.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 5 маусым күні Франкфурт-на-Майндағы Қазақстанның бас консулдығына Қазақстан азаматы Қанат Сайлыбаев Германияда әпкесі Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткенін хабарлаған болатын. Айгүл Сайлыбаева – Астана қаласы Сарыарқа ауданының бұрынғы судьясы және “Болашақ” бағдарламасының түлегі. Сонымен бірге, ағасының айтуынша, Айгүл ұзақ уақыт бойы күйеуі мен енесінен зорлық-зомбылық көрген.
СІМ-де Германияда жоғалған қыздың ісі ерекше бақылауда екенін айтқан болатын.
Кейін Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германиядағы Бенсхайм қаласының маңынан табылған. Экс-судьяның денесінен пышақ жарақаттары табылған болатын.
2025 жылдың желтоқсан айының соңында БАҚ Александр Донцов пен оның анасы Натальяны Мәскеуде полицияға жеткізілгенін хабарлаған еді.
ҚР ІІМ Германияда қаза тапқан қазақстандық судья ісі бойынша тергеу жалғасып жатқанын айтқан болатын.
Ал ҚР ІІМ Германияда мәйіті табылған судья Айгүл Сайлыбаеваның жұбайы мен енесіне Қазақстанның Ішкі істер министрлігі іздеу жариялады. Немістің Bild басылымы мәйіттің пластик пакетке салынғанын және әйелдің өлер алдында зорлық көргенін жазды.
Анықталғандай, оның қаза болған кезде екінші сәбиіне жүкті болған.