Қазақстандық десантшылар ҰҚШҰ оқу-жаттығуларына аттанды

Қазақстандық десантшылар автокөлік және броньдалған техникамен Алматыдан Қырғызстандағы полигонға аттанды, деп хабарлайды BAQ.KZ қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Олар ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерімен "Мызғымас бауырластық – 2023" бірлескен оқу-жаттығуларына қатысады.

Ұжымдық қауіпсіздік күштерінің бірлескен дайындығы Қырғыз Республикасы Қарулы күштерінің Балықшы қаласындағы оқу-жаттығу орталығының полигонында оқу-жаттығулар өткізуді көздейді, делінген ведомство хабарламасында.

Оқу-жаттығулар 6-13 қазан аралығында өтеді және оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның әскерилері қатысады.

"Оқу-жаттығулардың негізгі мақсаты – бейбітшілік операциясы кезінде ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгерлік күштерінің әскери контингенттерінің үйлесімділігін арттыру", - деп атап өтті қорғаныс министрлігіндегілер.

Ведомствоның мәліметінше, оқу-жаттығуларға Қазақстан Қарулы күштерінен десанттық-шабуылдаушы әскердің жеке құрамы аттанды. Оқу-жаттығулар аясында қазақстандық әскери қызметшілер Алматыдан Балықшыға дейін автокөліктер мен броньдалған машиналарда өз күштерімен жетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: gov.kz
Өзгелердің жаңалығы