Қазақстандық десантшылар Түркияда оқу-жаттығудан өтіп жатыр

Түркия Республикасындағы "Доғанбей" полигонында қазақстандық десантшылар қатысып жатқан EFES-2024 көпұлтты оқу-жаттығуының тактикалық кезеңі жалғасуда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, шабуыл тобының жауынгерлік міндетіне заңсыз қарулы топ көшбасшысын қолға түсіріп, оны AirTEP әуе тактикалық платформасымен алдын ала белгіленген жерге жеткізу кіреді.

Операцияға Алматы десанттық-шабуылдау бригадасының әскери қызметшілері – бүркемелеу тобында әрекет еткен аға сержант Ринат Шыңғысов және басып алу тобына кіретін аға сержант Еламан Жұмабаевтар тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, екі күн бұрын оқу-жаттығуға қатысушылар әртүрлі калибрлі атыс қаруларынан практикалық оқ атуды, елді мекенде ұрыс жүргізу және шартты қарсыласты бейтараптандыру міндеттерін орындаған болатын. Сонымен қатар, санитарлық бөлімшелер жараланған адамдарды алғашқы медициналық көмек көрсетіп, эвакуациялады.

EFES-2024 халықаралық көпұлтты оқу-жаттығуы аймақтағы ең ауқымды оқу-жаттығу. Ол тәжірибе алмасу және қатысушы елдердің бірлескен қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ әскери қызметшілердің кәсібилік деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.

Жалпы, оған әлемнің 49 елінен 11 мыңға жуық әскери қызметші қатысуда. Жаттығудың белсенді кезеңі 30 мамырда өтеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы