Қазақстандық деректі фильм Нью-Йоркте беделді марапатқа ие болды
Нью-Йоркте өткен 48-ші Asian American International Film Festival аясында қазақстандық режиссер Алина Мұстафинаның «Пряники для её отца, моего прадеда, её деда» деректі фильмі Sikay Tang Critical Lens сыйлығына ие болды, деп хабарлайды BAQ.KZ UVENT production кинокомпаниясына сілтеме жасап.
Бұл марапат көрнекті режиссер және редактор Сикай Тангтың құрметіне бекітілген және маңызды әлеуметтік, мәдени тақырыптарды шығармашылық әрі терең кино тілінде зерттейтін еңбектерге беріледі. Сыйлық фестивальдегі ең беделді марапаттардың бірі саналады және биыл екінші рет табысталды.
Нью-Йорктегі көрнекті әйел кинематографистің атындағы сыйлыққа ие болу – мен үшін үлкен мәртебе. Америкалық сыншылар мен әріптестерімнің біздің фильмді Қазақстаннан таңдап, ерекше поэтикалық кино тілі мен кейіпкерлерімізді жоғары бағалағанына қуаныштымын. Бұл сыйлықты жақында ғана өмірден өткен басты кейіпкерім – әжеме арнадым, – деді режиссер Алина Мұстафина.
Айта кетейік, AAIFF – АҚШ-тағы ең көне Азия-американдық кинофестиваль. Қазақстандық команда үшін бұл халықаралық деңгейдегі ерекше жетістік болып отыр.