Қазақстандық дәрігерлер қатерлі ісікті емдеуде жаңа әдіс ойлап тапты

Қазақстандық дәрігерлер сүт безін қалпына келтірудің жаңа әдісін енгізіп жатыр. Ұлттық ғылыми онкология орталығында отандық материал негізінде жасалатын бір сәттік реконструктивті ота әдісі қолға алынды. Бұл тәсіл әйелдерге ісікті алып тастау кезінде сүт безінің пішінін бірден қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Ұлттық ғылыми онкология орталығының реконструктивті хирургия секторының жетекшісі, аға ординатор Әнапия Бауыржан Бегәліұлы BAQ.KZ тілшісіне онкологиялық хирургиядағы жаңа бағыт пен отандық инновация туралы айтып берді.

Инновациялық технологияны енгізіп жүрген хирургтар мұндай әдіс пациенттердің өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қазақстандық медицинаның жаңа кезеңін бастағанын айтады.

Онкохирургия – ісікті алып қана қоймай, өмір сапасын сақтау

Онкологияға мен 2016 жылы осы орталықтың резидентурасына түскен кезімде келдім. Сол уақытта реконструктивті хирургиямен айналыса бастадым. Бұл мамандық мені ерекше қызықтырды, себебі ол жай ғана ісікті алып тастау емес, адамның өмір сапасын, сыртқы келбеті мен сенімін сақтап қалуға бағытталған. Меніңше, заманауи онкохирургияның мәні – дәл осы, – деп ағынан жарылды Бауыржан Әнапия.

Ал хирург ретіндегі алғашқы тәжірибесі қарапайым іріңді ісікті ашудан басталған.

Сол сәтте мен дәрігер жұмысының ең бастысы – науқасқа нақты көмек көрсету екенін түсіндім. Сол кішкентай операция менің жолымды анықтап берді, – деп еске алды дәрігер.

Реконструктивті хирургия – жаңа сапа мен жаңа сенім

Орталықтағы негізгі бағыт – реконструктивті-пластикалық хирургия. Мұнда онкологиялық науқастармен қатар, әлеуметтік маңызы бар аурулармен ауыратын адамдарға да көмек көрсетіледі.

Біз тері мен жұмсақ тін ісіктерімен, сүт безі, бас және мойын аймағындағы патологиялармен жұмыс істейміз. Мұндай жағдайда реконструктивті хирургия – адамның сыртқы бейнесін және функциясын қалпына келтірудің басты тетігі, – дейді маман.

Жаңа әдіс: сүт безін бір сәтте қалпына келтіру

Қазір орталықта бір сәттік реконструкция әдісі енгізіліп жатыр. Бұл ота кезінде отандық ксеногенді материал қолданылады.

Бұл тәсіл ісікті алып тастағаннан кейін сүт безінің пішінін бірден қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл әйелдің психологиялық жағдайы үшін өте маңызды. Ең бастысы – материал отандық, қауіпсіз әрі қолжетімді, – дейді хирург.

Материалдың ерекшелігі мен артықшылығы

Жаңа әдістің басты айырмашылығы – толықтай Қазақстанда өндірілген биоматериалды пайдалануында.

Материал – ірі қара малдың іш пердесінен алынған, құрамында коллаген көп, өте тығыз әрі икемді. Ол имплант пен тін арасындағы биологиялық қабат ретінде қызмет етіп, сәулелік терапия кезінде имплантты қорғайды және асқынулардың алдын алады, – дейді Әнапия Бауыржан.

Идея авторлары мен ғылыми негізі

Медициналық матрицаның идея авторлары – Қабылбек Ризабекұлы Әбуғалиев пен Динара Ермекқызы Саменова.

Біз олардың жұмысын жалғастырып, әдіске лимфовенулярлық анастомоз салу элементін қостық. Бұл қайталама лимфедеманың алдын алып, пациенттің өмір сапасын арттырады, – деп атап өтті Бауыржан Бегәліұлы.

Заманауи жабдық пен технологиялар

Орталықта флуоресцентті насадкасы бар операциялық микроскоп қолданылады. Ол лимфа түйіндері мен тамырларын нақты көруге мүмкіндік береді.

Осы құрылғының арқасында операциялар жоғары дәлдікпен жасалып, лимфедеманың алдын алуға болады. Бұл – пациенттердің тезірек қалпына келуіне және асқынудан сақтануына жол ашады, – деп түсіндірді аға ординатор.

Зерттеу сатысы және алғашқы нәтижелер

Әдіс қазір клиникалық сынақтан өтіп жатыр.

Біз соңғы кезеңге жақындадық. Жақын жылдары бұл тәсілді өңірлік онкоорталықтар да қолдана алады деп сенеміз, – дейді Бауыржан Әнапия.

Айта кетерлігі, алғашқы операциялар оң нәтиже көрсеткен. Пациенттер толық қалпына келіп, эстетикалық тұрғыда жақсы нәтиже көрсеткен. Толық талдау 2026 жылдың екінші жартысында аяқталып, нәтижелер халықаралық журналдарда жарияланады.

Пациенттер үшін артықшылығы мен қауіпсіздігі

Бұл әдіс сүт безі обырына шалдыққан әйелдерге арналған. Әр науқасқа жеке таңдалады. Операциядан кейін қалпына келу уақыты қысқа, ал өмір сапасы жоғары деңгейде сақталады. Ең бастысы – әйел өзінің сенімін және әйелдік болмысын жоғалтпайды, – дейді Әнапия Бауыржан.

Зерттеу нәтижелері бойынша әдіс толығымен қауіпсіз. Асқыну жағдайлары тіркелмеген.

Қазақстандық хирургияның жаңа белесі

Бұл – қазақстандық медицина үшін үлкен жетістік. Сүт безі обыры – ең жиі кездесетін аурулардың бірі. Оны емдеудің және қалпына келтірудің жаңа тәсілін енгізу – отандық онкохирургияның сапалық деңгейін көтереді. Әдістің отандық мамандар тарапынан жасалғаны – біздің елдің медициналық әлеуетін әлемге көрсетуге мүмкіндік береді, – деді дәрігер.

Айтуынша, қазақстандық әдіске шетелден қызығушылық танытқандардың қарасы көп.

Біз аймақтық орталықтармен және шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қытай мамандары да қызығушылық танытты. Онда ұқсас материал ретінде малдың жүрек қабы қолданылады, бірақ ол әлдеқайда қымбат. Біздің материал іш пердеден алынады, сол себепті бір шикізаттан бірнеше биоматериал алуға болады. Бұл әдісті тиімді, экологиялық және экономикалық тұрғыдан ұтымды етеді. Ол Қазақстанмен қатар басқа елдер үшін де үлкен әлеуетке ие, – деп түйіндеді Әнапия Бауыржан.

Бұл жаңашыл әдіс – онкохирургиядағы жаңа кезеңнің бастауы. Ол әйелдерге өмірге сеніммен қайта оралуға мүмкіндік беріп, қазақстандық медицинаның жаңа биігін айқындайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы