Бүгiн 2026, 17:48 Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстандық бітімгерлер Сирия тұрғындарына көмек көрсетті

Гуманитарлық көмек аясында жергілікті халыққа қажетті заттар таратылып, қиын жағдайда қалған тұрғындарға қолдау көрсетілді.

БҰҰ-ның Бақылау күштері (UNDOF) құрамында қызмет атқарып жатқан қазақстандық әскери қызметшілер Сирияның Эль-Кунейтра провинциясындағы Хан-Арнаба қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсетті. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, гуманитарлық медициналық акция БҰҰ миссиясының далалық госпиталінің медицина қызметкерлері және Сирия Араб Республикасының денсаулық сақтау жүйесінің мамандарымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Дәрігерлер жергілікті тұрғындарды амбулаториялық қабылдап, тексеруден өткізіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті және әрі қарай ем қабылдауға қатысты ұсыныстар берді. Әсіресе балаларға, қарт адамдарға және тұрақты медициналық бақылауды қажет ететін науқастарға ерекше көңіл бөлінді.

Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық бітімгерлердің, БҰҰ госпиталінің дәрігерлері мен сириялық мамандардың бірлескен жұмысының арқасында Хан-Арнаба тұрғындарына дер кезінде білікті медициналық көмек көрсетілді.

Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сәйкес, жергілікті тұрғындар қазақстандық бітімгерлер мен медицина қызметкерлеріне кәсібилігі, жанашырлығы және көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдірген.

Министрлік мұндай гуманитарлық акциялар жергілікті халықтың БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына деген сенімін нығайтып, өңір тұрғындарымен өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететінін атап өтті.