Қазақстандық бітімгерлер Кенияның озық тәжірибесімен танысты

Қазақстандық бітімгерлер Кенияда өткен конференцияда озық тәжірибемен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Қорғаныс министрлігінің делегациясы Кения астанасы Найробиде өткен Халықаралық бітімгерлік дайындық орталықтары қауымдастығының (IAPTC) 27-ші конференциясына қатысты.

Халықаралық бейбітшілікті қолдау оқу орталығында 80 мемлекеттен бітімгерлік дайындық орталықтары мен халықаралық ұйымдардың 300-ден аса өкілі жиналды. Конференция делегаттары күрделі бітімгерлік операцияларға бітімгерлерді дайындаудағы серіктестіктің рөлін талқылады.

Конференцияға қатысу бітімгерлік қызмет саласындағы ағымдағы үрдістермен және талаптармен танысуға, жаңа байланыстар орнатуға мүмкіндік берді. Қолдағы бар мәліметтерді ескере отырып, біз ұлттық бітімгерлік контингентін даярлау бағдарламасын уақтылы бейімдей аламыз, – деді Бітімгерлік дайындық орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин.

Бұл шара бірінші кезекте бітімгерлік әлеуетті арттыруға, халықаралық ұйымдардың, үкіметтердің және төтенше жағдайларға ден қою тиімділігін арттыруға мүдделі жергілікті билік өкілдерінің стратегиялық ынтымақтастығын бағалауға және оны дамытуға бағытталған.

Бітімгерлік дайындық орталықтарының халықаралық қауымдастығы 1995 жылы құрылғанын айта кету керек. 

Тренингтер, білім беру бағдарламалары мен зерттеу бастамаларының арқасында бүкіл әлемнің бітімгерлік даярлау орталықтары 190 елден 50 мыңнан астам бітімгерді сәтті дайындады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы