3 Қазан 2026, 18:53 Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ инспекторларынан жоғары баға алды

Маусым-қыркүйек аралығында контингент 470 жедел іс-шара өткізіп, саперлер 350 жарылғыш затты жойған.

Қазақстандық бітімгерлік контингент Голан жоталарындағы БҰҰ-ның Бөліну жөніндегі бақылау күштері (UNDOF) штабы жүргізген инспекция қорытындысы бойынша жоғары баға алды. Тексеру 2026 жылғы 30 қыркүйекте өтті.

Инспекция барысында әскери қызметшілер кәсіби дайындық деңгейін және түрлі жедел жағдайларда қойылған міндеттерді орындауға дайын екенін көрсетті. Үшінші ұлттық бітімгерлік контингентті подполковник Ілияс Алматов басқарады.

БҰҰ мандаты аясында қазақстандық әскери қызметшілер аумақты патрульдейді, бақылау-өткізу бекеттерін күзетеді, жарылғыш заттарды жояды, ұйым қызметкерлерін алып жүреді және эвакуациялайды.

Маусымнан қыркүйекке дейін ұлттық контингент 470 жедел іс-шара өткізді. Сонымен қатар бітімгерлер 49 уақытша түнгі бақылау бекетін ұйымдастырып, жедел әрекет ету күштерінің 11 оқу-жаттығуын және жергілікті қауымдастық өкілдерімен 11 кездесу өткізді.

Инженерлік-саперлік топ 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1800 оқ-дәріні анықтап, жойды.

Қазақстандық контингент БҰҰ мандатына сәйкес өз міндеттерін орындауды жалғастырып, жауапкершілік аймағында тұрақты қатысуын және кез келген жағдайға жедел әрекет етуге дайын екенін қамтамасыз етіп келеді.