Қазақстандық балмұздақ шетел нарығын бағындырып жатыр
Өткен жылы Қазақстанда 63,2 мың тонна балмұздақ өндірілген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша еліміз алғаш рет балмұздақ бойынша нетто-экспорттаушы мемлекет атанды. Ал 2026 жылдың қаңтар-наурыз аралығында 14 566 тонна балмұздақ өндірілген.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, өткен жылы Қазақстанда 63,2 мың тонна балмұздақ өндірілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық көрсеткіш. Мұндай көлем соңғы онжылдықтағы ең жоғары нәтиженің бірі болып отыр. Бұрын дүкен сөрелерінде шетелдік өнімдер басым болса, қазір қазақстандық брендтер ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілетті екенін дәлелдей бастады.
2025 жылдың қорытындысында экспорт көлемі 14,2 мың тоннаға жеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 36,8 пайызға көп. Ең бастысы – экспорт көлемі импорттан асып түсті. Ал импорт керісінше азайып, 12,2 мың тоннаны құрады, - деп жазады министрлік.
Бұл нені білдіреді?
Министрліктің сөзінше, қазақстандық кәсіпорындар енді тек ішкі сұранысты қамтып қана қоймай, өз өнімін шетелге тұрақты түрде шығара алатын деңгейге жеткен.
Бүгінде қазақстандық балмұздақ Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Беларусь, Моңғолия және Кавказ елдеріне экспортталады. Соңғы уақытта Қытай бағыты да маңызды нарықтардың біріне айналып келеді, - деп жазады министрлік.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, нарықтағы өсім тек көлеммен емес, сапамен де байланысты. Соңғы жылдары қазақстандық өнімнің экспорттық бағасы да өскен.
2025 жылы бір келі балмұздақтың орташа экспорттық бағасы 3,47 долларға жеткен. Бұл отандық өнімнің сапасы мен қосылған құны артқанын көрсетеді, - дейді ведомство.
2026 жылдың алғашқы айлары да нарық үшін сәтті басталған. Қаңтар-наурыз аралығында Қазақстанда 14 566 тонна балмұздақ өндірілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 58,6 пайызға көп.
Ал экономистер егер қазіргі қарқын сақталса, Қазақстан Орталық Азиядағы ірі балмұздақ экспорттаушы елдердің біріне айналуы мүмкін. Себебі бүгінде нарықта тек өндіріс көлемі ғана емес, өнім сапасы, логистика және экспорт географиясы да кеңейіп келеді.
Қарапайым тұтынушы үшін бұл нені білдіреді?
Ең алдымен, дүкен сөрелеріндегі отандық өнім түрі көбейеді. Сонымен қатар ішкі нарықтағы бәсекенің артуы сапаның жақсаруына әсер етеді. Ал экономика үшін бұл – жаңа жұмыс орындары, экспорттан түсетін табыс және өңдеу өнеркәсібінің күшеюі деген сөз.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда балмұздақ экспорты импорттан асып кеткені хабарланды.