Қазақстандық балалардың құқығы қалай қорғалып жүр?
Қазақстан халқының үштен бірінен астамын 6,6 млн бала құрайды. Бүгінгі күні осы балалардың құқықтары мен мүдделері қалай қорғалып жатыр? Әрине, ата-анадан бөлек, баланың құқықтарын қорғау – мемлекет саясатының басты бағытының бірі. Бүгін Оқу-ағарту министрлігінің осы салада атқарып жатқан жұмыстары туралы айтамыз, деп хабарлайды BAQ.KZ ақпарат агенттігінің тілшісі.
Мүдде мен құқық
1 маусым – Балаларды қорғау күнін тойлау туралы шешім 1925 жылы Женевада Дүниежүзілік балалардың әл-ауқаты жөніндегі конференциясында қабылданған. 1950 жылдан бастап бұл мереке күллі әлемде атап өтіледі.
Қазақстанда балалық шақты құқықтық қорғаудың ұлттық заңнамалық базасы қалыптасқан. Бүгінде елімізде 15 халықаралық құжат, 4 кодекс және 15 заң балалардың құқықтарын қамтамасыз етеді.
Балалар құқықтарын қорғау саласындағы негізгі заңдар – «Бала құқықтары туралы» заң және «Білім туралы» заң.
Елімізде балалар саны тұрақты түрде өсіп келеді. Қазақстан халқының үштен бірінен астамы - 6,6 млн бала. Жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді.
Бүгінде елімізде 120-дан астам ҮЕҰ белсенді жұмыс істеп жатыр.
Балалардың проблемаларын шешуде 20 Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл көмек көрсетеді. Бұл лауазым дәл бір жыл бұрын енгізілген болатын.
360 мыңнан астам педагог, оның ішінде сынып жетекшілері, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, ұйымдастырушы педагогтер мен тәлімгерлер балалардың мүдделерін қорғап жатыр.
Әр бала білім алуға құқылы
Қазақстанда тұратын барлық балалар білім алуға қол жеткізе алады.
Орта білім алу құқығымен мектеп жасындағы балалардың 99,8%-ы қамтылған. 7 723 мектепте 3 млн 479 мың бала оқиды.
Білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында шалғай аудандардан қатынауға мұқтаж 50 мыңнан астам оқушыға тегін күнделікті тасымалдау ұйымдастырылды. Біз тілді еркін таңдау құқығын тек қарым-қатынас үшін ғана емес, білім алу үшін де қамтамасыз етеміз, - деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Елімізде қазақ тілінде оқытатын 3 757 мектеп (54,3%), орыс тілінде оқытатын 1 053 мектеп (15,2%), аралас тілді оқытатын 2 107 мектеп (30,4%) және балалар ұйғыр тілінде оқитын 5 мектеп (0,1%) бар.
Сондай-ақ, Қазақстанда тұрақты немесе уақытша тұратын 28 мың бала - басқа елдің азаматтары, ата-анасымен тарихи отанына оралған 10 мың қандас бала, 1 058 босқын бала және азаматтығы жоқ 552 бала білім алуға қол жеткізді.
Сонымен қатар әр баланы тегін үйірмемен қамтамасыз ету де маңызды мәселелердің бірі.
Қосымша білім берумен жалпы қамту 81,1%, яғни 3 млн білім алушыны құрайды, оның ішінде 587 мың бала немесе 15,8%-ы мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыс арқылы қамтылған.
Жүйені дамыту үшін балаларға Қосымша білім беруді дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері бекітіліп, балалардың музыкалық, көркемсурет мектептері мен өнер мектептеріне арналған 85 білім беру бағдарламасы әзірленді.
Біз барлық ата-ананы, ересекті және қоғам қайраткерін балаларды қорғалған және өздерін басқалар жақсы көретіндерін сезіну үшін жауапкершілікті өзіне қабылдауға шақырамыз. Балаларыңызға қауіпсіздік ережелерін үйретіңіз және кез келген жағдайда оларға қолдау көрсетіңіз. Сондай-ақ, біз барлық азаматты балалардың проблемаларына назар аударуға және олардың құқықтарын бұзулуы туралы кез келген жағдайларды хабарлауға шақырамыз, - деді Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.
Жетім көрсең, жебей жүр
Әрбір баланың отбасында өмір сүруге және тәрбиеленуге құқығы бар.
Оқу-ағарту министрлігі әрбір жетім баланың отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығын жүзеге асыруға күш салып жатыр.
Жетім балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында отбасылық құрылымның баламалы нысандары енгізілді және қамқоршыларды, асырап алушы отбасылар мен асырап алушыларды материалдық ынталандыру көзделген. Сол себепті 22 080 жетім баланың тек 3 790-ы интернаттық ұйымдарда тәрбиеленіп жатыр, - деп түсіндірді вице-министр Еділ Оспан.
Өңірлерде тәрбиеленушілерге олардың өмір сүруіне қолдау көрсету, дербес өмірге бейімделу бойынша «Балалар үйлері түлектерінің өмірі мен мансабын жоспарлау» жобасы іске асырылып жатыр.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 188 мың баланың құқығына ерекше назар аударылады. Оның 97%-ы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарында, қоғамдық және жекеменшік ұйымдарда оқытумен және түзету-педагогикалық қолдаумен 183 159 бала қамтылды, бұл 97,4%.
Сонымен қатар балаларды оңалту бойынша олардың жеке қажеттіліктеріне қарай Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттары іске асырылады.
Бюджет есебінен қызметтердің 8 түрі ұсынылады, олар: әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, психологиялық, педагогикалық, еңбек, мәдени, экономикалық, құқықтық.
Заңнамада оларды балабақшаларға бірінші кезекте орналастыруға, білім беру ұйымдарын таңдау құқығына, оқыту нысандарына, колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу кезіндегі квоталарға, сондай-ақ оларды педагог-тьюторлармен сүйемелдеуге жеңілдіктер белгіленген.
Баланың өзіне қатысты барлық мәселелер бойынша тыңдау құқығы әр мектепте құрылған мектеп парламенттері мен балалар өкілдіктері арқылы жүзеге асырылады.
Бала мен қауіпсіз орта
Барлық ата-ана балаларының дені сау және бақытты болғанын қалайды. Сондықтан мемлекет пен қоғамдық ұйымдар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайлар жасауға тырысады.
Балалар көшеде, үйде және мектепте қауіпті жағдайлардан қорғалуы керек. Ең алдымен, бұл денсаулық қауіпсіздігі. Жаңа 2023-2024 оқу жылының басынан бастап әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 1 млн 700 мың бала үшін ғана емес, бастауыш сыныптардың 1,5 млн оқушысы үшін де тегін мектеп тамағы ұйымдастырылады.
Қауіпсіз орта – бұл мектеп автобустарының қауіпсіздігі. Бүгінгі таңда қазіргі заманғы арнайы жабдықталған 515 автобустың 356-сы жеткізіліп, оқушыларды оқу орнына жеткізуді жүзеге асырып жатыр.
Балалар объектілерінде мынадай кешенді қауіпсіздік шаралары іске асырылады:
- орталықтандырылған бақылау пультіне қосылған дабыл түймелері;
- өткізу жүйесі орнатылады;
- лицензияланған күзет енгізіледі.
Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инженерлік-техникалық жабдықтарға, барлық білім беру ұйымдарына бірыңғай талаптар белгілеуге қойылатын талаптарды күшейтеміз, - деді Оқу-ағарту министрлігінің өкілі.
Балалардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету де маңызды. Сондықтан Telegram мессенджерінде «BALA QORGAU» чаты және Білім басқармалары жанындағы Сall-орталықтар арқылы азаматтардың өтініштеріне ден қою тетігі жұмыс істейді.
Сонымен, қауіпсіз ортаның маңызды аспектілерінің бірі - ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, мен ата-аналарды гаджеттерде балаларыңыздың интернетті пайдалану процесін бақылауға мүмкіндік беретін «Ата-ана бақылауы» қызметіне қосылуларыңызға шақырамын, - деді ол.
Бала және жазғы демалыс
Жазғы демалыс - балаларымыздың демалуына, денсаулығын нығайтуға, жаңа достар табуға тамаша уақыт. Дәстүр бойынша 1 маусымда біз мектеп оқушыларының жазғы демалыс және сауықтыру маусымын ресми түрде ашамыз, - деді Оқу-ағарту вице-министрі.
Биыл жүздеген мың бала тәжірибелі және білікті мамандардың бақылауымен 11 мың сауықтыру лагерлері мен алаңдарында демала алады. Жекелеген санаттағы 130 мың оқушы тегін демалады.
Жаз - бұл ата – аналар, педагогтер мен демалысты ұйымдастырушылар үшін ерекше және жауапты кезең. Біз балалар тап болуы мүмкін қолайсыз оқиғалардың алдын алу үшін суда, жағажайда, орманда және басқа аумақтарда қауіпсіздік шараларын сақтауға жоғары талаптар қоямыз. Еліміздің әрбір кішкентай азаматы сүйіспеншілік пен қамқорлықта өсіп, білім мен салауатты өмір салтына қол жеткізе алсын және біз оларды қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенімізді білсін, - деп айтты Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан.