Қазақстандық әйелдер декреттік төлемді енді онлайн рәсімдей алады
Жаңа қызмет жұмыс істейтін әйелдерге төлемді смартфон арқылы рәсімдеуге мүмкіндік береді.
Қазақстандық әйелдер енді жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемді Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы рәсімдей алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Не өзгерді?
Жаңа қызмет әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін әйелдерге қолжетімді. Өтінішті мемлекеттік қызметтер бөлімі арқылы қашықтан беруге болады. Рәсімдеу жөніндегі нұсқаулықты «Гид» бөлімінен табуға болады.
Айта кетерлігі, бұған дейін төлем алу үшін әйелдер құжаттарын алып, ХҚКО-ға өздері баруы керек еді. Енді мұның бәрін смартфон арқылы жасауға болады. Сонымен қатар eGov.kz арқылы электронды өтініш беру мүмкіндігі де сақталды.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – азаматтарды қағазбастылықтан және мемлекеттік органдарға бару қажеттілігінен барынша арылту. Әсіресе жүкті әйелдер мен жас аналарға қатысты қызметтерде бұл өте маңызды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев.
Оның айтуынша, сұранысқа ие мемлекеттік қызметтің күн сайын миллиондаған қазақстандық пайдаланатын платформаға енгізілуі мемлекеттік қолдауды алуды жеңілдетуге тиіс.
Қызмет қазірдің өзінде толық іске қосылды.