Қазақстандық әйел ғалымдар диабет, ішек және жасуша құпиясын зерттеп жүр
Нәзікжандылардың отандық ғылымға қосып жатқан үлестері айтылды.
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Nazarbayev University Science Café – ғалымдар ғылымды қарапайым тілмен түсіндіретін форматта журналистер үшін практик дәрігер болып жұмыс істейтін әйел профессорлармен кездесу ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кездесу барысында олар медицина мен денсаулық сақтау саласындағы заманауи зерттеулер туралы айтып берді.медициналық зерттеулер мен денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген әйел ғалымдардың жетістіктеріне назар аударды. Университетте жұмыс істейтін мамандар медицина ғылымын дамытуға, аурулардың алдын алу мен емдеу тәсілдерін жетілдіруге бағытталған зерттеулер жүргізіп келеді.
NU медицина мектебінде түрлі бағыттағы ғылыми жобалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында қант диабетін ерте анықтау, дұрыс тамақтану мен ішек денсаулығы арасындағы байланыс, сондай-ақ жасушада жүретін күрделі биологиялық процестерді зерттеу бар. Бұл бағыттарда профессор Құралай Атагелдиева, профессор Динара Ғалиева және ассистент-профессор Камиля Қоқаби жұмыс істеп жүр.
Диабетті ерте анықтаудың маңызы
Профессор Құралай Атагелдиева 2 типті қант диабетін ерте кезеңде анықтау және науқасқа бейімделген емдеу тәсілдерін дамыту мәселесін зерттейді. Оның айтуынша, медицинада бұрын қолданылған «бәріне бірдей» стандартты тәсіл әрдайым тиімді бола бермейді.
Ғалым дәлдікке негізделген профилактика мен емдеудің маңызы артып келе жатқанын айтады. Ерте метаболикалық көрсеткіштерді, науқастың жеке қауіп факторларын және жеке емдеу жоспарын біріктіру арқылы емдеуді уақытында бастауға болады. Бұл асқынулардың алдын алып, ұзақ мерзімді нәтижені жақсартуға мүмкіндік береді.
Профессор медицина саласына бала кезден келгенін айтады.
Бала кезімде журналист болуды армандайтынмын. Бірақ мектеп бітірер кезде медицина мен журналистиканың арасында таңдау тұрды. Сол кезде атам: “Медицинаға бар, бұл өте игі мамандық” деп кеңес берді. Оның үстіне анам да медицина саласында жұмыс істейді. Сөйтіп медицинаға келдім, – деп ағынан жарылды дәрігер.
Қазір Құралай Атагелдиева дәрігер-эндокринолог ретінде науқастарды қабылдайды, университетте сабақ береді және диабет бойынша ғылыми зерттеулер жүргізеді.
Тамақтану мен ішек денсаулығын зерттеу
Профессор Динара Ғалиева медицинаға бала кезгі арманы арқылы келген. Ол Астана медициналық университетін бітіріп, кейін ғылыми зерттеуге қызығушылығы артып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ұлыбританияда докторантурада білім алған.
Шетелде ол педиатрия және эпидемиология саласында зерттеу жүргізіп, балалардағы созылмалы бүйрек ауруларының қауіп факторларын, өлім-жітімін және өміршеңдігін зерттеген.
Қазір ғалым Назарбаев университетінде жұмыс істеп, созылмалы аурулардың эпидемиологиялық және клиникалық аспектілерін зерттейді. Оның ғылыми қызығушылықтарының қатарында балалардағы қант диабеті, семіздік және метаболикалық синдром сияқты мәселелер бар.
Ғалым соңғы жылдары тамақтану мәдениетінің денсаулыққа әсеріне ерекше көңіл бөліп жүр. Қазір ол балалардағы бірінші типті қант диабеті мен созылмалы бүйрек ауруларының ағымына тамақтанудың әсерін зерттеп жатыр.
Дұрыс тамақтану мен талшыққа бай тағамдар ішек микрофлорасына оң әсер етуі мүмкін және бұл созылмалы аурулардың ағымын жеңілдетуге ықпал етеді, – дейді зерттеуші.
Оның айтуынша, қазіргі қоғамда дайын тағам мен фастфудтың қолжетімділігі артқан. Сондықтан мүмкіндігінше үйде дайындалған тағамды тұтыну, фастфудты азайту және көкөністі көбірек жеу маңызды. Ғалым адамның күніне шамамен 450–500 грамм көкөніс тұтынғаны дұрыс екенін айтады.
Жасуша деңгейіндегі зерттеулер
NU медицина мектебінің биомедицина факультетінің ассистент-профессоры Камиля Қоқаби жасушалардағы маңызды процестердің бірі – аутофагияны зерттейді. Бұл процесс көбіне «жасушаның өзін-өзі тазарту және жаңарту механизмі» ретінде сипатталады және ағзаның түрлі стресс жағдайларына бейімделуіне көмектеседі.
Ғалымның айтуынша, ғылымға келуі бала кездегі ықпалдан басталған.
Бала кезімде әкем: “Сен дәрігер боласың” деп айтатын. Сол сөз менің болашағыма әсер еткен сияқты, – дейді ол.
Камиля Қоқаби Еуразия ұлттық университетінде биотехнология мамандығын оқыған. Кейін дің жасушаларын зерттеуге қызығып, ғылыми конференцияларға қатысып, мақалалар жаза бастаған.
Магистратура кезінде ол нәрестенің кіндік қанынан дің жасушаларын бөліп алу жобасына қатысып, болашақ ғылыми жолына әсер еткен менторлармен жұмыс істеген.
Кейін шетелде PhD бағдарламасын аяқтап, аутофагия процесін зерттеуге кіріскен.
Қарапайым тілмен айтқанда, аутофагия – жасушаның өзін-өзі тазарту және жаңарту процесі, – дейді ғалым.
Докторантура кезінде ол бірнеше ғылыми мақала жариялап, кейін постдокторантурада нейродегенеративті аурулар мен аутофагия арасындағы байланысты зерттеген.
Шетелде жұмыс істеу мүмкіндігі болғанымен, Камиля Қоқаби Қазақстанға оралуды таңдаған.
Маған шетелде қалу ұсыныстары болды. Бірақ мен Қазақстанға оралуды жөн көрдім. Жинаған тәжірибемді елде қолданғым келді, – дейді ол.
Қазір ол Назарбаев университетінде сабақ беріп, ғылыми жобалармен айналысып жүр.
Ғылымға қосылған үлес
NU медицина мектебіндегі әйел ғалымдардың зерттеулері медицина ғылымының түрлі бағыттарын қамтиды.
Бірі диабетті ерте анықтау мен емдеуді жетілдіруге күш салса, енді бірі тамақтану мәдениеті мен созылмалы аурулардың байланысын зерттейді, ал тағы бірі жасуша деңгейіндегі күрделі биологиялық процестерді қарастырып жүр.
Олардың ғылыми жұмыстары денсаулық сақтау саласының дамуына және қоғамдағы аурулардың алдын алу мен емдеу тәсілдерін жетілдіруге бағытталған.