Қазақстандық әйел Blue Origin компаниясымен ғарыштық ұшуын сәтті орындады
Қазақстандық кәсіпкер және альпинист Дана Карагусова ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ әйелі атанды. Ол америкалық Blue Origin компаниясының New Shepard зымыранымен суборбитальды туристік ұшуға қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Blue Origin компаниясының мәліметінше, ұшу бүгін, 8 қазанда өтті және оның бейнежазбасы Blue Origin-нің ресми сайтында жарияланған.
Экипаж құрамына Данна Карагусовадан бөлек Джефф Элджин, Клинт Келли III, Уилл Льюис, Аарон Ньюман және украиналық инвестор Виталий Островский кірді.
New Shepard капсуласы жер деңгейінен 106 шақырым биіктікке көтеріліп, ғарыштың шартты шекарасы саналатын Карман сызығынан өтті. Ұшу және қону толықтай автоматты режимде сәтті жүзеге асырылған.
Blue Origin компаниясының New Shepard вице-президенті Фил Джойс бұл миссияның маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі миссия – біздің команда жүргізіп жатқан зерттеулерге деген тынымсыз ұмтылыстың дәлелі. Біз әр ғарышкерге биіктіктен жердің көрінісі қандай терең әсер қалдыратынын еске саламыз. Бұл тәжірибе адамдардың өз планетасымен терең байланыс орнатуына ықпал етіп, мүмкіндіктердің шекарасын кеңейтуге және бірлесіп жұмыс істеуге шабыттандырады, – деді ол.
Бұл миссия Blue Origin компаниясының NS-36 рейсі болып саналады. Осы күнге дейін New Shepard зымыранымен 86 адам ғарышқа көтерілді.