Қазақстандық ауыр атлет 8 жылға спорттан шеттетілді

Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, қазақстандық ауыр атлет, Игорь Сон допинг дауына байланысты спорттан 8 жылға шеттетілді. Бұл туралы Ұлттық антидопинг орталығының ресми сайтына сілтеме жасай отырып BAQ.KZ хабарлайды.

Игорь Сон 8 жыл бойы спорттық жарыстарға қатыса алмайды. Нақтырақ айтсақ, 2030 жылдың наурыз айына дейін қатысуға рұқсаты жоқ. Ал шеттетілу уақыты 2022 жылдың наурыз айынан басталған. Спортшының допинг сынамасынан метастерон анықталған.

Қазақстандық атлет 2020 жылы Токиода 61 келіге дейінгі салмақта қола жүлде еншілеген еді. Ал 2019 жылы әлем чемпионатында күміс алған.

Игорь краьерасында екінші рет допинг дауына ілігіп отыр. Бұған дейін қазақстандық ауыр атлет 2015 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан кейін бірнеше айға жарыстардан шеттетілген. Ол кезде спортшы тыйым салынған препарат ағзасына биоқосымшалар арқылы түскенін дәлелдеп шыққан еді.

Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) ережесіне сәйкес, допинг қолданғаны жарыстардан шеттетілген спортшының Олимпиададағы нәтижесі де жойылады. Игорьды да сондай жағдай күтіп тұруы ықтимал.

Еске салсақ, Қазақстанның Ұлттық антидопинг орталығы Игорь Сонды ғана емес, бірқатар спортшыны жарыстардан шеттетті. Олардың қатарында ауыр атлеттерден бөлек таеквондо мен жеңіл атлетика өкілдері да бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы