Қазақстандық әскери қызметші супер гран-приді жеңіп алды
Ташкентте "Өнер және мәдени мұра"медиа жобасының Art Silk Way көп жанрлы және хореографиялық өнерінің халықаралық байқауы аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл байқау туысқан халықтардың мәдени дамуына, елдер арасындағы достық байланыстарды нығайтуға, талантты жастарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Оған Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстанның хореография, вокал және музыкалық театр саласындағы ұжымдары мен солистері қатысты.
Бірінші кезеңде Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы филиалының эстрадалық-би тобының бишісі қатардағы жауынгер Рахматжан Иолдашев ұйғыр халқының "Тавак уссули" биін орындады. Бұл жеке қойылымы үшін ол арнайы дипломмен және супер гран-при кубогымен марапатталды.
Өткен жылдың желтоқсан айында Ташкентте мәдениет және әскери-патриоттық тәрбие саласындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылған болатын.