Қазақстандық әртістердің Франциядағы гастрольдік сапары өз мәресіне жетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «FORTE-TRIO» мемлекеттік триосы Франция қалаларында өткен үлкен гастрольдік сапарды сәтті жүзеге асырды.
Қазақстандық өнер ұжымының гастрольдік турне аясындағы соңғы концерті Франция елінің 2021 жылғы концерттік маусымын аяқтады. Трио құрамындағы әртістер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев, халықаралық байқаулардың лауреаты Мұрат Нарбеков пен Шолпан Манкеева жоғары дәрежеде өнер көрсетті.
Париж, Мюлуз, Нанси және Лион қалаларында өткен концерттер француздық өнер сүйер қауымның және Францияда тұратын қазақстандықтардың зор ықыласына бөленді. FORTE-TRIO жоғары кәсібилігімен қатар еуропалықтарға қазақ музыка мәдениетінің әлемдік рухани өркениетпен ұштасқан ерекше болмысын паш етті.
Бұл жөнінде FORTE TRIO көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев өз ойымен бөлісті.
Франциядағы гастрольдеріміз өз мәресіне жетті. Осы гастрольдер арқылы трио егемен еліміздің мәдениетін халықаралық деңгейде танытуды мақсат тұтты. Бұл – Тәуелсіздіктің 30 жылдығына жасалған арнайы тарту. Біздің концерт Францияның концерттік маусымын салтанатты түрде аяқтады. Бұдан кейін Францияда эпидемиологиялық талаптар күшейіп, мереке қарсаңындағы барлық концерттер тоқтатылды. Қазақстандық трионың 4 концерті шетелдік көрерменнің есінде ұзақ сақталатыны анық.
Трионың Франциядағы соңғы концерті ірі мегаполистердің бірі – Лион қаласында өтті. Отандық әртістер Лион жұртшылығының зор қошеметіне ие болды. Бұл жолы трио әртістері әлемге танымал «Моliere» концерттік залында өнер көрсетті. FORTE TRIO бұл тарихи залда өнер көрсеткен алғаш қазақстандық әртістер болып табылады.
Музыканттар халқымыздың ұлттық құндылықтары көрініс тапқан «Япурай» және «Көроғлы» туындыларын ұсынды. Сондай-ақ С.Рахманинов, К.Дебюсси, И.Брамс сынды әлемдік композиторларының үздік шығармалары орындалды. Аншлагпен өткен бұл концерт те талғампаз тыңдармандарды таңғалдырып, жоғары бағасын алды. Әр концерттің соңында отандық әртістер бірнеше рет «биске» шығып, Франция көрермендерінің зор алғысына ие болды.
Еске салсақ, «FORTE-TRIO» әртістері Роза Бағланова атындағы Қазақконцерттің құрамында жұмыс істейді. Трионың халықаралық гастрольдік сапары Францияның 4 қаласын қамтып, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жүзеге асты.