Қазақстандық әкесінің өлімі үшін ауруханалардан 5 млн теңге өндіріп алды

2023 жылдың наурыз айында Павлодарда медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне байланысты ер адам қайтыс болған. Оның қызы дәрігерлерді сотқа беріп, 5 млн теңге өндіріп алған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2023 жылдың 16 ақпанында "жедел жәрдем" 56 жастағы ер адамды Павлодардағы №3 қалалық ауруханасына жеткізген, бірақ оны ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Ол 17 ақпан мен 4 наурыз аралығында Павлодардың емдеу мекемелеріне – «Алмаз медициналық тобына», облыстық ауруханаға, емханаға және No1 қалалық ауруханаға бірнеше рет хабарласқан. Олар алдымен «бронхит», содан кейін «жедел панкреатит, холециститпен бірге өт жолдарының тастары» диагнозын қойған, - делінген Жоғарғы сот таратқан хабарламада.

Медициналық мекемелердің көрсеткен медициналық қызметі еш нәтиже бермей, науқас 12 наурызда қайтыс болған.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары медицина қызметкерлерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы оқиғасы бойынша және құқық бұзушылық іс-әрекетінің болмауына байланысты істі тоқтатқан. Қайтыс болған адамның қызы Павлодар қалалық сотына әкесінің өліміне және оның азап шегуіне әкеліп соқтырған сапасыз медициналық көмекке байланысты қаланың емдеу мекемелерінен моральдық шығынды өтеу үшін 10 миллион теңге өндіру туралы талап қоюмен жүгінген, - делінген хабарламада.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.

Сапасыз медициналық көмек көрсету фактісі дәрігерлерді тәртіптік жауапкершілікке тартумен және сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен расталды. Жалпы, медицина қызметкерлері науқастың ауруының ауырлығын жете бағаламай, оны жансақтау бөліміне кеш ауыстырған, бұл оның жағдайын нашарлатқан. Апелляция науқастың денсаулығының нашарлауы медициналық көмекті дұрыс көрсетпеу салдарынан болғанын, сондай-ақ қажетті диагностикалық және емдік шаралар жүргізілмегенін, тиісті күтім жасалмағанын ескерді. Бұл науқастың өзіне және туыстарына айтарлықтай зардап әкелді, сондықтан моральдық зиянды өтеуге негіз болып табылады, - делінген хабарламада.

Жауапкерлер АК-нің 917-бабын басшылыққа ала отырып, медициналық көмектің сапасыз болуына өздерінің кінәлі емес екендігі туралы сенімді дәлелдемелерді ұсынбаған.

Белгіленген мән-жайлардың жиынтығын, негізділік пен әділдік өлшемшарттарын ескере отырып, талап қою ішінара қанағаттандырылды: медициналық мекемелерден 5 млн теңге өндірілді, - делінген хабарламада.

Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов -архив
Өзгелердің жаңалығы