"Қазақстанды таны". Астанада KOKBÓRI монетасы таныстырылды

Елордада Ұлттық музейде "Қазақстанды монеталар арқылы таны" көрмесі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Экспозиция ұлттық валюта – теңгенің енгізілгеніне 30 жыл толуына ұйымдастырылып отыр.

Іс-шараның негізгі мақсаты – "Сақ стилі" банкноталары мен KOKBÓRI инвестициялық монеталарының жаңа сериясын көпшілікке таныстыру, сондай-ақ банкноталар мен монеталар шығару саласындағы Қазақстанның жетістіктерін көрсету.

Көрме экспонаттары елдің қалыптасуы мен дамуын суреттейтін ең негізгі мәдени, саяси және тарихи кезеңдерді қамтиды, сондай-ақ халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрін паш етеді.

Көрмеге келушілер алтыннан, күмістен, сондай-ақ бағалы емес металдардан жасалған 500-ден астам түрлі монеталармен танысты. Оларды дайындау кезінде жаңа технологиялар қолданылған.

Сонымен қатар экспозицияға халықаралық байқауларда орын алған, сол секілді салмағы 2 келі сирек кездесетін ірі монеталар қойылды.

Көрме аясында ұлттық валютаның жаңа банкноттық сериясы ұсынылды. Ол “Сақ стилі” элементтеріне негізделген және көшпенділердің бірегей мәдениетінен бастап заманауи Қазақстанға дейінгі ел мұрасын бейнелейді.

Сондай-ақ экспозицияда ҚҰБ дизайнерлері "Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері" монеталар сериясының көркемдік тұжырымдамаларын пайдаланған KOKBÓRI инвестициялық монеталарының ребрендингі туралы айтып берді. 

Ұлттық нақыштағы элементтер қамтылған эксклюзивтілік пен дизайнерлік шешім KOKBÓRI монеталарына инвестициялық құрал ретінде ғана емес, сол секілді коллекциялау мен сыйлық ретінде де қызығушылықты арттыруға көмектеседі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы