Қазақстанды әлемге танытқан JLo мен шегіртке қанша пайда әкелді
Қаржы министрі Мәди Такиев Үкіметте өткен брифингте әлем жұлдызы JLo концертінен Қазақстанға қандай пайда келгенін айтып берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Қаржы министрі Jennifer Lopez сияқты әншілердің концерті елімізге пайда әкелетінін атап өтті.
Біріншіден, JLo елімізге жалғыз келмейді. Онымен бірге көрші мемлекеттерден туристер келеді. Мысалы, Астанада өткен Jlo-ның концертіне 5 мыңға жуық турист келді. Ал Алматыдағы кешке 7 мыңға жуық турист келді. Келген шетелдіктер қонақ үйге орналасады, мейрамханаға барады, қаланы аралайды. Біздің есебімізше, бір турист шамамен 1000 доллардан қалдырады. Бұл біздің экономикамызға жақсы, - деді министр.
Қаржы министрлігі концерттен түскен салықты әлі есептеп үлгермеген. Оның сөзінше, салықтың уақыты әлі келмеген.
Бірақ біз сыртқы бақылау жүргіздік. Кім қандай қонақ үйге, мейрамханаға ақша төлегінін, баға қалай болғанын қарап отырмыз. Енді соманы декларация тапсырғаннан кейін есептейміз, - деп айтты Такиев.
Ал Премьер-министрідің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ұйымдастырушылар жоспар бойынша 400 млн теңге түсетінін айтқанын еске салды.
Еске салайық, бұған дейін әлемдік мегажұлдыз Дженнифер Лопес Instagram-да Астанада өткен концерттің ұйымдастырушылары сыйлаған қазақ әшекейлерін көрсеткенін хабарладық. Танымал жұлдызға қазақтың зергерлік бұйымдарын кім сыйлағаны белгілі болды.
Джей Лоның Алматыда өткен концертіне 20 мыңнан астам көрермен жиналды, қонақтар арасында шегіртке де "келгенін" жазған болатынбыз.
Астанада аты әлемге жайылған әнші Джей Ло берген концерт Қазақстанды таңғалдырған ғаламат шоу болды. Аталған концерт жайлы жазған шолуымызды мына жерден оқи аласыз.