21 Тамыз 2026, 20:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Ербол Бекболат

Қазақстанды әлемге көрсететін 250 travel-блогер Алматыға жиналды

Әлемнің танымал travel-блогерлері Алматыға арнайы келді. Олардың жалпы аудиториясы 300 млн адамға жуық. Қалада олар нені көріп, нені түсіреді?

Алматы бірнеше күнге әлемдік travel-индустрияның орталығына айналды. 20-23 тамыз аралығында қалада travel-блогерлер, журналистер, инфлюенсерлер және туристік индустрия мамандары бас қосатын халықаралық ірі алаңдардың бірі – TBEX Asia 2026 өтіп жатыр.

Алматыға әлемнің түкпір-түкпірінен 250-ден астам автор мен туристік индустрия өкілі жиналды. Олардың жалпы аудиториясы шамамен 300 миллион адамды құрайды.

Бұл Алматы үшін неге маңызды?

TBEX-ке қатысушылардың әрқайсысы – шетелдік аудиториямен байланыс орнататын жеке ақпараттық арна. Instagram, TikTok, YouTube, Facebook, Pinterest, Snapchat, блогтар, подкасттар мен онлайн-медиа арқылы қала мен Қазақстан туралы ақпаратты миллиондаған әлеуетті саяхатшыға жеткізуге мүмкіндік бар.

Сонымен қатар форум барысында жасалған контент іс-шара аяқталғаннан кейін де таралып, түрлі елдердегі туристердің Алматы мен Қазақстанға деген қызығушылығын арттыра береді.

Қазақстан туралы кімдер әңгімелейді?

Алматыға миллиондаған аудиториясы бар танымал авторлар келді. Олардың қатарында америкалық travel-блогер Кристофер Риз Джундеф (Authentic Traveling) бар. Оның әлеуметтік желілердегі оқырмандары 3 миллионнан асады.

Филиппиндік travel-инфлюенсер әрі YouTube-креатор Уил Дасовичтің Instagram желісінде шамамен 1 миллион жазылушысы бар.

Ал «XXI ғасырдың Ибн Баттутасы» атанған мысырлық саяхатшы әрі тележүргізуші Ахмед Хаггагтың Instagram желісіндегі аудиториясы 1,3 миллионнан асады.

Осылайша, Алматы бір ғана жарнамалық науқан арқылы емес, бірден жүздеген тәуелсіз автордың контенті арқылы әлемнің түрлі елдерінің ақпараттық кеңістігіне шығуға мүмкіндік алып отыр.

Блогерлер Қазақстанда нені көреді?

TBEX-тің басты ерекшелігі – Алматыны тек туристік жарнама тұрғысынан емес, саяхатшылардың өз көзімен көрсетуге мүмкіндік беруі.

Форумға қатысушылар қаламен танысып, жергілікті тұрғындармен араласады, ұлттық тағамдардан дәм татады, туристік нысандарды аралайды, тауларды зерттеп, Қазақстан туралы өздерінің жеке оқиғаларын қалыптастырады.

Британдық travel-блогер әрі экспедициялар ұйымдастырушысы Уилл Хаттон Қазақстанға сапарға шыққанға дейін ел туралы көп білмегенін айтты.

Шынымды айтсам, Қазақстан туралы көп білмейтін едім. Бірақ әзірге алған әсерім өте жақсы. Тағамдары керемет, ал адамдар өте мейірімді әрі ашық, - деді ол.

22 және 23 тамызда не өтеді?

Осы күндері Алматыда TBEX Asia 2026 шарасының негізгі іскерлік бағдарламасы өтеді. Қатысушыларды халықаралық сарапшылардың баяндамалары, тақырыптық сессиялар, туристік бағыттардың таныстырылымдары, кәсіби кездесулер және нетворкинг шаралары күтеді.

TBEX Asia 2026 шарасының Орталық Азияда алғаш рет өткізілуі – өңірдің әлемдік туристік индустрияның назарын аударуына берілген маңызды мүмкіндік.

Бүгінде Алматы тек туристік бағыт ретінде ғана емес, халықаралық travel-қоғамдастықтың басын қосатын орталық ретінде де танылып отыр.