Қазақстандағы жел энергетикасы азаматтардың өмір сүру сапасын арттыра алады – Ұлыбритания елшісі
Қазақстан жаңартылатын энергия көздері саласында орасан зор әлеуетке ие, ал оның жел ресурстары тұтас мемлекеттердің жалпы орнатылған қуатынан да асып түсуі мүмкін. Бұл туралы Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Салли Аксуорси "Диалогтан әрекетке: Орталық Азиядағы әділетті энергетикалық ауысуды жеделдету" атты дөңгелек үстел барысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Біз Қазақстанның алдында тұрған мүмкіндіктердің ауқымын жақсы түсінеміз. Елдің жел энергетикасындағы әлеуеті кейбір ірі мемлекеттердің жалпы орнатылған қуатынан да асып түсуі мүмкін. Мұндай әлеует тек энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, өмір сүру сапасын да арттыра алады. Жаһандық серіктестер мен жеке сектор қолдайтын жақсы құрылымдалған ұлттық платформа декарбанизациялану үдерісін жеделдетуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және маңызды минералдар мен энергия ресурстарының тұрақты жеткізу тізбегін қалыптастыруға көмектеседі, - деді дипломат.
Салли Аксуорсидің айтуынша, Қазақстан қазір энергетикалық дамуының шешуші кезеңінде тұр. Елдің табиғи ресурстары мол, сондай-ақ жел, күн және сутек энергетикасы салаларында зор әлеуеті бар. Осы мүмкіндіктердің арқасында Қазақстан Орталық Азияда әділетті энергетикалық өтпелі кезең бойынша өңірлік көшбасшы бола алады.
Сондықтан Just Energy Transition Partnership Hub (JETP Hub) ұлттық платформасының іске қосылуы осы бағыттағы маңызды кезең болды. Бұл бастама ұлттық мақсаттарды халықаралық тәжірибемен ұштастыруға және таза энергетика саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асыру үшін қажетті қаржыландыру тартуға мүмкіндік береді.
Жаһандық серіктестер мен жеке сектордың қолдауына ие жақсы құрылымдалған ұлттық платформа Қазақстанның таза энергияға көшуінде негізгі құралға айналады. Ол декарбонизациялану үдерісін жеделдетуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және стратегиялық маңызды ресурстарды жеткізудің тұрақты тізбегін қалыптастыруға мүмкіндік береді, - деп атап өтті елші.
Салли Аксуорси сондай-ақ соңғы онжылдықта күрделі энергетикалық трансформация жолынан өткен Ұлыбританияның тәжірибесімен бөлісті. 2008 жылы Климаттың өзгеруімен күрес туралы заңның (Climate Change Act) қабылдануы және Климаттың өзгеруі жөніндегі тәуелсіз комитеттің құрылуы елдің төмен көміртекті экономикаға тұрақты көшуінің негізін қалады.
2019 жылы Ұлыбритания 2050 жылға қарай көміртегі шығарындыларын нөлге дейін төмендету жөніндегі міндеттемесін заң жүзінде бекітті. Ал былтырдан бастап көмір ұлттық энергия өндіру құрылымынан толықтай алынып тасталды. Қазір елдегі электр энергиясының жартысынан астамы жаңартылатын көздерден өндіріледі, ал 2035 жылға қарай Ұлыбритания 100 пайыз көміртексіз электр энергиясына көшуді жоспарлап отыр.
Елші атап өткендей, Ұлыбританияның тәжірибесі Қазақстан үшін технологиялық шешімдер тұрғысынан да, әділетті өтпелі кезеңді қамтамасыз ету жағынан да пайдалы бола алады. Ұлыбританияда ерекше назар қоғамдастықтарды қорғауға және дәстүрлі салалар біртіндеп жойылып жатқан өңірлерде жаңа жұмыс орындарын құруға аударылады.
Бұл міндетті бірде-бір ел жалғыз өзі орындай алмайды. Энергетикалық өтпелі кезең мемлекеттік және жеке сектор арасындағы серіктестікті, ұлттық және жергілікті билік органдарының өзара іс-қимылын, сондай-ақ белсенді халықаралық ынтымақтастықты талап етеді. Біз Қазақстанның таза, тұрақты және әділетті энергетикалық болашаққа ұмтылудағы көшбасшылығын қолдауға дайынбыз, - деді Салли Аксуорси.
Дөңгелек үстелге үкімет өкілдері, халықаралық ұйымдар, қаржы институттары, азаматтық қоғам мен бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның мақсаты — әділетті энергетикалық өтпелі кезеңге арналған практикалық стратегияларды әзірлеу, инвестиция тарту және энергетикалық жүйелерді жаңғырту мен жаңартылатын энергетиканы дамыту саласындағы тәжірибемен алмасу болды.