Қазақстандағы тұңғыш британдық ЖОО алғашқы түлектеріне диплом табыстады

Еліміздегі тұңғыш британдық жоғары оқу орны – De Montfort University Kazakhstan (DMUK) биыл өзінің алғашқы түлектеріне салтанатты диплом тапсыру рәсімін өткізді. Мерекелік шара Алматы қаласында өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ғылым және жоғары білім министрлігі бұл айтулы оқиға университеттің академиялық жетістіктерін айқындайтын маңызды кезеңі екенін атап өтті.

2021 жылы құрылған DMUK қысқа уақыт ішінде халықаралық стандарттарға сай беделді оқу орнына айналып, факультет пен Global MBA бағдарламасын тәмамдаған алғашқы 200 түлекті ұясынан ұшырды. Олардың 90 пайызы үздік үлгеріммен (First Class және Upper Second Class – 2:1) диплом иегері атанып, британдық білім сапасының жоғары деңгейін дәлелдеді.

Диплом табыста шарасына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Салли Аксворти қатысты.

Соңғы жылдары Қазақстан жоғары білім саласында елеулі өзгерістерге қол жеткізді. Еліміз бүгінде жаһандық академиялық кеңістікке еніп қана қоймай, Орталық Азиядағы білім беру хабына айналып келеді. Бұл жолдағы маңызды қадамдардың бірі – жетекші шетелдік университеттердің филиалдарын ашу. Қазір елімізде 40 стратегиялық кампус ашу бағдарламасы іске асып жатыр. Осы бағыттағы зор жетістіктің айқын көрінісі – De Montfort University Kazakhstan-ның алғашқы түлектерінің бітіру рәсімі. Бұл оқиға Қазақстандағы жаңа дәуірдің жарқын символына айналды, – деді түлектерді құттықтау сөзінде министр.

Университеттің бас директоры Хью Мартин Хегарти оқу орны қысқа уақыт ішінде батыл идеядан халықаралық деңгейдегі академиялық ортаға айналғанын алға тартты. Бүгінде DMUK – Орталық Азиядағы жетекші халықаралық оқу орны. Алғашқы түлектеріміз – біздің амбициямыздың, төзімділігіміздің және жаһандық көзқарасымыздың айқын дәлелі.

Алматыдағы заманауи кампусымыз студенттерге жан-жақты тәжірибе ұсынады: мұнда академиялық қатаңдық, инновациялық көзқарас және тұлғалық даму үйлесім тапқан. Бізге қолдау көрсеткен серіктестерімізге алғысымыз шексіз. Олар DMUK-тің халықаралық беделге ие, бірегей ұсынысы бар оқу орны ретінде қалыптасуына үлкен үлес қосты, – деді Хью Мартин Хегарти.

Университет президенті Сакина Сафар бұл рәсім – түлектердің жетістігі ғана емес, сонымен бірге батыл идеяның жүзеге асуы екенін атап өтті.

Британдық әлемдік деңгейдегі білімді Қазақстанға әкелу – DMUK-тің басты миссиясы. Бүгінгі таңда университет инновацияның, инклюзивтіліктің және халықаралық сапаның жарқын үлгісіне айналып отыр. Біз еліміздің адами капиталын дамытуға және Қазақстанның жаһандық академиялық орталыққа айналу ұмтылысына үлес қосып келе жатқанымызды мақтан тұтамыз, – деді ол.

Салтанатты шара аясында Алматы қаласының академиялық артықшылық пен мәдени ортадағы рөлі де ерекше атап өтілді. Себебі оқу орны мегаполистің зияткерлік және мәдени кеңістігін дамытуға белсенді үлес қосып келеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы