9 Қыркүйек 2026, 16:45 Фото: ©BAQ.KZ архиві

Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарының табысы екі еседен астам қысқарған

Қазақстандағы микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) 2026 жылдың алғашқы алты айын табыспен аяқтағанымен, сектордың қаржылық нәтижелері айтарлықтай төмендеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

2026 жылғы қаңтар-маусым аралығында МҚҰ-лардың жиынтық таза пайдасы 22,1 млрд теңге болған, деп жазады Finprom.kz. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе аз. Ал 2023 жылы сектордың таза пайдасы 73,3 млрд теңгеге жеткен болатын. Осылайша, үш жыл бұрынғы ең жоғары көрсеткішпен салыстырғанда пайда көлемі 3,3 есе қысқарған.

Сарапшылардың мәліметінше, табыстың төмендеуіне кірістердің азаюы әсер еткен. Биылғы жартыжылдықта микроқаржы ұйымдарының жалпы кірісі 297,6 млрд теңге болып, бір жылда 27,7 пайызға қысқарды. Ал шығыстар 24,2 пайызға азайып, 268,8 млрд теңгеге жеткен.

МҚҰ-лардың негізгі табыс көзі болып саналатын несие бойынша сыйақыдан түсетін кіріс 11,3 пайызға төмендеп, 208,3 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар комиссиялық кірістер күрт азайып, 66 млрд теңгеден 3,6 млрд теңгеге дейін қысқарған.

Соған қарамастан, кейбір бағыттарда өсім байқалды. Мысалы, қаржы активтерін сатып алу-сатудан түскен табыс 43,9 пайызға артып, 5,9 млрд теңге болған. Дегенмен бұл көрсеткіштер жалпы кірістің төмендеуін өтей алмады.

2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 213 микроқаржы ұйымы жұмыс істейді. Олардың жиынтық активтері 1,7 трлн теңгеге жеткен. Жылдың алғашқы алты айында 140 МҚҰ пайда тапса, 66 ұйым шығынмен жұмыс істеген.

Ең жоғары пайда көрсеткен ұйымдар қатарында TAS Finance Group (5,2 млрд теңге), «Тойота Файнаншл Сервисез Қазақстан» (4,9 млрд теңге), Lending and Finance Technologies (4 млрд теңге) және MyCar Finance (3,5 млрд теңге) бар.

Ал ең көп шығынға ұшыраған ұйым Freedom Finance Credit болды. Компанияның шығыны 5,3 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ «ФинтехФинанс», «Робокэш.кз», MFO №1 және Credit365 Kazakhstan да жартыжылдықты шығынмен аяқтаған.

Осылайша, микроқаржы нарығы әлі де табысты болып саналса да, сектордың бұрынғы деңгейде пайда табуы қиындай түскені байқалады. Компаниялардың қаржылық нәтижелері де бір-бірінен едәуір ерекшеленеді.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда микроқаржы ұйымдары жаппай шығынға бата бастағаны хабарланды.

Тағы оқи отырыңыз:

"Batys kapital" микроқаржы ұйымының жұмысы уақытша тоқтатылды

Қонаевта микроқаржы ұйымы заң бұзғаны үшін лицензиясынан айырылды