Қазақстандағы медициналық туризм: Шетелдік науқастар үшін артықшылықтары қандай?

Медициналық туризм – шетелден немесе басқа өңірлерден адамдардың медициналық қызмет алу үшін басқа елдерге баруы. Бұл сала соңғы жылдары әлем бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстанға да сырттан келіп ем қабылдайтындар көбейіп жатыр. Осы орайда еліміздегі медициналық туризмнің даму қарқыны жайлы UMC Госпиталдық қызмет департаментінің директоры Меруерт Мұхамедьяровамен BAQ.KZ тілшісі сұхбаттасқан еді.

- Қазақстанға медициналық туризм бойынша келетін шетелдік науқастардың негізгі үлесі қай елдерден?

- Негізінен, Қазақстанға UMC клиникаларына келетін пациенттердің көпшілігі көршілес елдерден. Олардың ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресей Федерациясының азаматтары бар. Олар үшін Қазақстанға келу географиялық жағынан да, тілдік жағынан да ыңғайлы. Сонымен қатар, Түркия, АҚШ, Германия, Ұлыбритания және Аустралия елдерінен келеді.

- Қазақстандағы медициналық туризмнің негізгі артықшылықтары қандай? Бұл салада қандай қызметтер ерекше сұранысқа ие?

Қазақстанның медициналық туризмді дамыту үшін бірқатар артықшылықтары бар. Олар бағаның қолжетімділігі, сапалы медициналық қызмет, тіл кедергісінің болмауы, географиялық жақындық және медициналық туризмге арналған сервис. Негізінен пациенттер коронарлық артерияны айналып өту, жүрек клапандарын протездеу, Check-up, жүрек тамырларын стенттеуге келеді.

- Медициналық туризмді дамытуда қандай кедергілер бар және оларды шешу үшін қандай шаралар қолданылып жатыр?

- Медициналық туризмнің дамуына пациенттердің Қазақстан клиникаларында көрсетілетін қызметтер туралы хабарламалардың төмендігі, медицинаға деген сенімнің төмен деңгейі, жалпы елдегі туризмді дамытудың жалпы деңгейі әсер етеді. Клиникалар мүмкіндігінше көрші елдердегі көрмелер мен конференцияларға қатысады, пациенттерге консультация береді және шетелдік әріптестер үшін мастер-кластар өткізеді, қызметтер туралы ақпарат БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы насихатталады.

- Қазақстандағы медициналық туризм саласындағы кадрларды даярлау және шетелдік мамандарды тарту мәселелері қалай шешілуде?

- UMC клиникаларында дәрігерлер әлемде бар барлық дағдылар мен технологияларға ие, заманауи жабдықты қолдана отырып, халықаралық емдеу хаттамалары бойынша емделеді. Тұрақты негізде біздің мамандар халықаралық әріптестермен мастер-кластарға, ғылыми зерттеулер мен конференцияларға қатысады. Сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден келген әріптестерді өздері оқытады.

- Медициналық туризмнің дамуы ішкі нарыққа, яғни қазақстандық науқастардың ем алу мүмкіндіктеріне қалай әсер етеді?

- Қазақстандықтар үшін медициналық туризмді дамыту медициналық көмек алуға әсер етпейді. Өйткені Қазақстан азаматтары ТМККК/ МӘМС аясында стационарлық көмек алады. Ал шетелдік азаматтар ақылы негізде көмек алады. Бүгінгі таңда медициналық туристердің саны аз, бұл клиниканың барлық пациенттерге бірдей назар аудару мүмкіндігіне әсер етпейді.

- Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы