27 Қараша 2026, 17:54 Фото: Ұлттық банк

Қазақстандағы индустриялық бағдарламалар неге экономиканы өзгерте алмады: Ұлттық банк сарапшысының талдауы

Мемлекеттік бағдарламаларға триллиондаған теңге бөлінгенімен, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі неге күткен қарқынмен дамымады және бұған қандай жүйелі қателіктер себеп болды?

Қазақстанда соңғы 20 жылда өңдеу өнеркәсібін дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Оларға триллиондаған теңге бөлінгенімен, экономиканы әртараптандыру, жаңа өндіріс орындарын ашу және отандық өнімнің экспортын арттыру бағытындағы нәтижелер күткен деңгейге жетпеген. Ұлттық банк сарапшысы жүргізген зерттеуде мемлекеттік қолдау бағдарламаларының осал тұстары сараланып, олардың тиімділігіне әсер еткен бес негізгі себеп анықталған.

Ұлттық банк жанындағы Зерттеулер және талдау орталығының бас сарапшы-талдаушысы Аякөз Ханетаның зерттеуі «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің экономикалық шолуы» басылымының жаңа санында жарияланды. Екі бөлімнен тұратын еңбекте мемлекеттік қолдаудың тоғыз бағдарламасы мен құралына талдау жасалған. Екінші бөлім 2015–2024 жылдар аралығындағы бастамалардың нәтижелеріне арналған.

Зерттеудің өзектілігіне келсек, Қазақстанда индустриялық саясаттың нәтижесін тұтас қамтитын бірыңғай жүйелі бағалау әлі қалыптаспаған. Қолда бар зерттеулер жекелеген бағдарламалар мен көрсеткіштерді ғана қарастырады.

Жоғары аудиторлық палатаның деректеріне сәйкес, 2010 - 2019 жылдары индустриялық бағдарламаларға 5 трлн теңгеден астам қаржы бағытталған. Алайда қомақты инвестиция экономиканың құрылымын түбегейлі өзгертуге жеткіліксіз болған.

Қол жеткізілген нәтижелер экономиканы құрылымдық тұрғыдан өзгерту, өндірістің технологиялық күрделілігін арттыру және шикізаттық емес экспортты тұрақты өсіру жөніндегі мәлімделген мақсаттарға сай келмеді, – делінген зерттеуде.

Индустриялық бағдарламалардың нәтижесі қандай?

2015 – 2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы төрт негізгі көрсеткіштің екеуін ғана орындаған.

Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің энергия сыйымдылығын 7%-ға төмендету жоспарланғанымен, нақты көрсеткіш 29,3%-ды құраған. Инвестиция тарту бойынша да меже орындалып, жоспардағы 4,5 трлн теңгенің орнына 4,9 трлн теңге тартылған.

Ал шикізаттық емес экспортты 19%-ға арттыру мақсатына қол жетпей, өсім 11,9% деңгейінде қалған. Еңбек өнімділігі де жоспарланған 22%-дың орнына 13,2%-ға ғана өскен.

Бір қарағанда, экспорт көлемінің артуы оң нәтиже көрінгенімен, оның құрылымында мәселе болған. Шикізаттық емес экспорттың едәуір бөлігі терең өңдеуден өтпеген тауарлар мен реэкспортқа тиесілі еді. Сондықтан бұл көрсеткіш жаңа технологиялық өндірістердің көбейгенін білдірмейді.

2015 – 2019 жылдары шикізаттық емес экспорттың құндық үлесінің өсуі негізінен сандық сипатта болды, өйткені оның едәуір бөлігі аз өңделген тауарлар мен реэкспортқа тиесілі. Бұл жоғары технологиялы немесе терең өңдеу өндірістерінің нақты кеңейгенін білдірмейді, – деп көрсетілген.

Осы кезеңде өнеркәсіпке бағытталған инвестициялардың жалпы көлеміндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі де 21,4%-дан 13,1%-ға дейін қысқарған.

Ал 2020 – 2025 жылдарға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығы жоспарланған мерзімінен бұрын аяқталды. Бағдарлама 2020 жылы басталып, 2022 жылы мемлекеттік жоспарлау жүйесі өзгеріп, ұлттық жобалар форматына көшкен кезде тоқтатылған. Бұған қоса, оның іске асуы пандемия кезеңімен тұспа-тұс келіп, бірқатар мақсат орындалмай қалды.

Мәселен, Қазақстан Гарвард университетінің Экономикалық күрделілік индексінде 78-орыннан 55-орынға көтерілуі керек болған. Алайда 2021 жылға қарай елдің көрсеткіші жақсарудың орнына төмендеген. Зерттеуде индекстегі оң өзгерістер тек 2022 жылдан кейін байқалғаны жазылған.

2021 – 2025 жылдарға арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасының құны 15,9 трлн теңге болған. Оның басым бөлігі бюджеттен тыс қаражат есебінен қаржыландырылуы тиіс еді.

Дегенмен 2023 жылы игерілуі жоспарланған 3 трлн теңгенің тек 1,1 трлн теңгесі жұмсалған. Бұл жоспардың 36,3%-ы ғана. Жеке инвестиция тарту бойынша да межеге жетпеген: 6 трлн теңге орнына 4,7 трлн теңге тартылған. Ал 2024 жылы ұлттық жоба күшін жойған.

Мұндағы тағы бір мәселе – бағдарламалардың нәтижесін бағалау тәсілі. Көрсеткіштердің басым бөлігі экономиканың құрылымдық өзгерісін емес, өндіріс пен инвестицияның номиналды көлемін ғана есепке алған.

Субсидиялар өндірістен гөрі қызмет көрсету саласына көбірек бағытталған

Зерттеуде «Даму» қорының 2010 – 2022 жылдардағы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша есептері де қамтылған.

Осы кезеңде субсидиялауға жалпы сомасы шамамен 4 трлн теңге болатын жобалар мақұлданған. Оның 35%-ы немесе 1,4 трлн теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Ал көлік және қойма қызметіне 619,5 млрд теңге, саудаға 331 млрд теңге, жылжымайтын мүлікпен операцияларға 261 млрд теңге, қонақүй және қоғамдық тамақтану саласына 255,6 млрд теңге бағытталған.

Осылайша, өндірісті дамытуға арналған бағдарлама аясында қызмет көрсету саласының да едәуір бөлігі қаржыландырылған. Субсидия алған жобалардың арасында бухгалтерлік қызметті кеңейту, мейрамханасы бар бутик-қонақүй ашу, қонақүй қызметін дамыту және теміржол тарифін төлеу секілді бағыттар болған.

2015 – 2019 жылдары «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы төрт көрсеткіштің біреуін ғана орындаған.

Шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемі екі есе өскенімен, бұл өсім ағымдағы бағамен есептелген. ШОБ кәсіпорындарының санын 50%-ға арттыру көзделгенімен, керісінше, олардың саны 1,65 млн-нан 1,6 млн-ға дейін азайған. Бизнестегі жұмыспен қамту 50%-ға емес, 22,7%-ға өскен. Ал өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесі жоспарланған 12,5%-ға жетпей, 11,5% деңгейінде қалған.

Бес жыл ішінде 9 870 кәсіпкер субсидия алса, тағы 7 332 кәсіпкер несие бойынша кепілдік тетігін пайдаланған. Бұл елдегі жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 1,2%-ын ғана құрайды.

Қомақты қаржы бөлінгенімен, бизнесті нақты қамту деңгейі шектеулі болды. Бағдарламаның қаржылық моделі кәсіпкерлік базасын кеңейтуге немесе өңдеу секторын құрылымдық тұрғыдан нығайтуға емес, ең алдымен несие алуға қабілетті кәсіпорындарды қолдауға бағытталды, – делінген зерттеуде.

Бұған қоса, өңдеу өнеркәсібіне берілген жеңілдетілген несиелердің 86–88%-ы айналым қаражатын толықтыруға жұмсалған. Қаражаттың шамамен 41%-ы тамақ өнеркәсібіне тиесілі болған.

Бағдарлама кәсіпорындардың ағымдағы қызметін қолдауға көмектескенімен, терең құрылымдық өзгерістер мен технологиялық жаңғыртуға қозғаушы күш бола алмады, – деп бағаланған.

Отандық өндіріс импортқа тәуелділікті азайта алды ма?

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының мақсаты күнделікті тұтынатын тауарларды отандық өндіріс есебінен қамтамасыз ету болатын.

Бағдарлама аясында 1 289 жобаға шамамен 1,2 трлн теңге субсидия мақұлданған. Сонымен қатар «Даму» қоры 118,6 млрд теңге көлеміндегі несиеге кепілдік берген.

Нәтижесінде бірқатар өндіріс саласында айтарлықтай өсім байқалған. Мәселен, машина жасау өндірісі 175%-ға, компьютерлер мен электроника өндірісі 187%-ға, ет өнімдерін өндіру 71%-ға, өсімдік майлары мен тоң майлар өндірісі 58%-ға артқан.

Алайда бағдарламаның негізгі мақсаты – импорт үлесін азайту міндеті 29 тауар тобының тек екеуі бойынша орындалған. Олар – шыны ыдыс пен шыны өнімдері.

Керісінше, көптеген тауар бойынша импорттың ішкі тұтынудағы үлесі өскен. Мәселен, өсімдік майы бойынша импорт үлесі 35,4%-дан 47,3%-ға, тұрмыстық заттар бойынша 55,5%-дан 78,3%-ға, тыңайтқыштар бойынша 60%-дан 78%-ға дейін артқан. Ал 2024 жылы тұрмыстық химия өнімдерінің ішкі нарығы толығымен импортқа тәуелді болған.

Бағдарламаның бастапқы бағыты да уақыт өте кеңейген. Оған құрылыс, туризм, логистика және өндіруші өнеркәсіптің жекелеген бағыттары енгізілген.

Нәтижесінде бағдарлама импортты алмастыруға бағытталған нақты қолдау құралынан әмбебап жеңілдетілген несие беру тетігіне айналды, – делінген зерттеуде.

Автордың бағалауынша, «Қарапайым заттар экономикасы» өнеркәсіпті терең құрылымдық тұрғыдан өзгертуден гөрі экономиканы тұрақтандыруға және кәсіпкерлердің несиеге қол жеткізуін жеңілдетуге көбірек қызмет еткен.

Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне не кедергі болды?

Зерттеуде индустриялық саясаттың күткен нәтижеге жетпеуіне әсер еткен бес негізгі себеп көрсетілген.

Біріншісі – бағдарламалардың нақты экономикалық өзгерістерден гөрі номиналды көрсеткіштерге басымдық беруі. Кейбір мақсаттар бастапқы көрсеткіштермен салыстырылмай, қаржыландыру шараларымен де тікелей байланыстырылмаған.

Екіншісі – бір міндеттің бірнеше бағдарлама мен мемлекеттік институт арқылы қатар қаржыландырылуы. Бұл қаражаттың тиімді бөлінуіне және нәтижелерді бағалауға кедергі келтірген.

Үшіншісі – өндіріс саласына арналған қаржының сауда, көлік, жылжымайтын мүлік және қызмет көрсету бағыттарына ауысуы.

Төртіншісі – мемлекеттік қолдаудың жеке инвестиция тартуға ықпал етпей, кей жағдайда оның орнын басуы.

Бесіншісі – сыртқы дағдарыстар мен мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі өзгерістер салдарынан бағдарламалардың жиі тоқтатылуы немесе қайта құрылуы.

Бірыңғай индустриялық стратегияның орнына міндеттері ұқсас болғанымен, әртүрлі қаржыландыру арналары мен мемлекеттік институттар арқылы жүзеге асырылған, бір-бірімен қабаттасатын күрделі бағдарламалар жүйесі қалыптасты, – деп жазылған зерттеуде.

Өңдеу өнеркәсібінің басқа да көрсеткіштері көңіл көншітпейді. Атап айтқанда, саланың салық түсімдеріндегі үлесі 2020 жылғы 13,6%-дан 2024 жылы 10,7%-ға дейін төмендеген. Ал банк несиелерінің өңдеу өнеркәсібіне тиесілі үлесі 8–11% деңгейінде қалып қойған.

Арнайы экономикалық аймақтар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың жұмысы да жоғары нәтиже көрсетпеген. Өндірістік активтердің тозуы оларды жаңғырту қарқынынан бірнеше есе жылдам жүрген.

Мемлекеттік қолдау мен инвестициялық бағдарламалардың ауқымды болуына қарамастан, тозу үдерісі жаңғырту қарқынынан бірнеше есе жылдам жүріп жатыр, – делінген мақалада.

Өндірісті дамыту үшін қандай өзгеріс қажет?

Зерттеу авторы мемлекеттік қолдау саясатын қайта қарауды ұсынады. Оның пайымдауынша, қаржылық ресурстарды барлық салаға бірдей бөлгеннен гөрі, қосылған құны жоғары және даму әлеуеті бар басым бағыттарға шоғырландыру тиімдірек.

Сонымен қатар кәсіпорындарға тек жеңілдетілген несие беру жеткіліксіз. Қаржылық қолдау технологиялық жаңғырту, мамандардың біліктілігін арттыру және отандық өнімді экспортқа шығару шараларымен қатар жүруі керек. Бағдарламалардың нәтижесі нақты өндіріс көлемі мен экономикалық өзгерістерге сүйене отырып бағалануы қажет.

Қаржылық құралдарды қосылған құны жоғары басым салалардың шектеулі санына шоғырландырып, оларды қаржылық емес қолдаумен (технологиялар, құзыреттер, экспортқа шығу) ұштастырып, нақты мәндегі өлшенетін нәтижелерге байланыстыру әлдеқайда тиімді болар еді, – делінген зерттеуде.

Жалпы, зерттеу Қазақстан экономикасының шикізат секторына тәуелділігі әлі де жоғары екенін, ал өндірісті әртараптандыру жұмыстары стратегиялық құжаттарда белгіленген межеден баяу жүріп жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, Ұлттық банк зерттеуге қатысты мақалалар авторларының пікірлері реттеушінің ресми ұстанымын білдірмейтінін ескерткен.