22 Тамыз 2026, 17:10 Фото: Қостанай облысының әкімдігі

Қазақстандағы ең ірі жабық аквапарк Қостанайда ашылды

Аквапарк бір мезетте 500 адамды қабылдай алады және жыл бойы жұмыс істейді.

Қостанайда Қазақстандағы ең ірі жабық аквапарк техникалық режимде іске қосылды. Жаңа нысан өңірде қалыптасып келе жатқан туристік инфрақұрылымның бір бөлігіне айналып, ішкі туризмді дамытуға жаңа серпін береді деп күтіліп отыр.

Ашылу рәсіміне Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Оның айтуынша, жаңа нысан заманауи қалалық ортаның бір бөлігіне айналып, өңір тұрғындарының демалыс мүмкіндігін кеңейтуге тиіс.

Мемлекет басшысы жайлы қалалық орта қалыптастыруға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және азаматтардың сапалы демалуына үнемі көңіл бөліп келеді. Біздің міндетіміз – балалар мен жастардан бастап аға буынға дейінгі тұрғындардың өңірден шықпай-ақ бос уақытын сапалы өткізуіне жағдай жасау, – деді Құмар Ақсақалов.

Екі қабатты кешеннің аумағы 9 мың шаршы метрден асады. Ол бір мезетте 500 адамға дейін қабылдай алады. Суық мезгілі ұзаққа созылатын өңір үшін нысанның жыл бойы жұмыс істейтіні ерекше маңызды. Аквапарк келушілер үшін 2026 жылғы қыркүйектен бастап ашылады.

Кешеннің негізгі бөлігінде жалпы аумағы шамамен 1,5 мың шаршы метр болатын жеті бассейн орналасқан. Мұнда жасанды толқыны бар бассейн, балалар аймағы, «Акватоник» және су аттракциондары қарастырылған.

«Осьминог» отбасылық демалыс орны ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен және жақын шетелдерден Қостанайға қонақтар тарта алатын жаңа көрікті орынға айналмақ. Нысан облыс орталығының туристік ұсыныстарының бір ерекшелігі болуға тиіс.

Туристік инфрақұрылымды дамытумен қатар Қостанайда заманауи әрі жайлы қалалық орта да кезең-кезеңімен қалыптасып келеді. Триатлон паркі, орталық сквер, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы университет аумағындағы саябақ жаңа демалыс орындарына айналып жатыр. Саябақтар мен скверлер абаттандырылып, аллеялар, серуендеуге, спортпен айналысуға және демалуға арналған аймақтар жасалуда.

Сонымен бірге Қостанайда заманауи қонақүй инфрақұрылымы қалыптасып келеді. Қалада Marriott, Novotel және Holiday Inn халықаралық брендтерінің қонақүй кешендері салынады. Өңір басшысы атап өткендей, іскерлік белсенділіктің артуы мен жаңа инвесторлардың келуі заманауи орналастыру орындарына сұранысты көбейтіп отыр. Мұндай жобалар жастардың демалуына, қарым-қатынас жасауына және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасап, өңірде өмір сүру мен жұмыс істеуге қолайлы орта қалыптастырады.

Экономиканы дамытып, жаңа фабрикалар мен зауыттарды іске қосумен қатар, адамдардың жайлы өмір сүруіне және отбасымен уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасау қажет. Қостанай облысында тұрғындарға да, өңір қонақтарына да қызықты бірегей нысандар көп болуы керек. Солардың бірі – еліміздегі ең ірі жабық аквапарк, – деді облыс әкімі.

Осы тұрғыдан алғанда, «Осьминогтың» ашылуы бір ғана нысанның іске қосылуымен шектелмейді. Ол Қостанай облысының туристік мүмкіндіктерін толықтырып, өңірге келуге жаңа себеп қалыптастырады және облыс орталығының еліміздің әр аймағынан туристер тартатын орын ретіндегі рөлін күшейтеді.