Қазақстандағы доллар бағамының 32 жылдағы өзгерісі: теңге не себепті құнсызданып жатыр?

Қазіргі уақытта Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге, әлемдегі геосаяси жағдай мен мұнай нарығындағы баға ауытқуларына байланысты күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Алайда бұл әрдайым осылай болған жоқ: теңге ұзақ уақыт бойы нығайып, кейін бірнеше девальвацияны бастан кешірді. Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі тәуелсіздік алған жылдардан бергі теңгенің қалыптасу тарихын еске түсіруді ұсынады.

Тәуелсіздіктің алғашқы екі жылында қазақстандықтар негізгі валюта ретінде рубльді қолданды. 1991 жылы посткеңестік кеңістікте доллардың коммерциялық бағамы 27,6 рубль болды. 1992 жылы бұл көрсеткіш 288 рубльге дейін өсті.

1993 жылғы 15 қарашада Қазақстанда ұлттық валюта – теңге енгізілді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, сол жылы доллардың орташа жылдық айырбастау бағамы 5 теңге 25 тиын болған.

1994 жылы бұл көрсеткіш 35 теңге 64 тиынға дейін өсіп, 1999 жылға қарай 119,5 теңгеден асты.

Қазақстандықтар алғаш рет девальвация туралы 1999 жылғы 4 сәуірде естіді. Сол күні премьер-министр Нұрлан Балғымбаев пен Ұлттық банк төрағасы Қадыржан Дамитов телеарна арқылы теңгенің айырбастау бағамын еркін өзгермелі күйге көшіру туралы мәлімдеді. Үкімет бұл қадамды сыртқы факторлар мен көрші елдердің экономикалық саясатына байланысты мәжбүрлі шара деп атады. 3 сәуірде долларды 88 теңгеге сатып алса, 5 сәуірдің соңында оның бағасы 150-160 теңгеге дейін жетті. Дегенмен, бұл кезде валюта нарығында аса дүрлігу болған жоқ, өйткені халық пен бизнестің шетел валютасын жаппай сатып алуға қаржылық мүмкіндігі болмады.

Ол кездегі девальвация себебі – елдегі өндрістің жоқтығы және төлем баланасы. Ол экспорт пен импорттың айырмасы. Еліміз сол уақытта импорт көбірек таси бастады, ал экспортқа шығаратын өніміміз көп болмады. Сонда импорт экспорттан асып кетсе ол сөзсіз теңгенің ұзақ мерзімдегі девальивациясына алып келеді, – деді экономист Мақсат Халық.

Сол кезеңде қазақстандықтардың орташа жалақысы шамамен 100 доллар болған.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, теңге ең айтарлықтай және ұзақ мерзімді нығаюын 2003-2008 жылдар аралығында көрсетті. 

2002 жылы доллардың орташа бағамы 153 теңге болса, 2008 жылы 120 теңгеге дейін төмендеді.

Бұл аралықта халықтың табысы да тұрақты түрде өсті. 

2002 жылы жан басына шаққандағы номиналды табыс 53 доллар болса, 2008 жылы 274 долларға дейін жетті.

Келесі девальвация 2009 жылғы 4 ақпанда болды: бірнеше сағат ішінде доллар бағасы 128 теңгеден 170 теңгеге дейін өсті, кейін 150 теңге деңгейінде тұрақтады. 

Девальвация туралы қауесеттер қаңтар айынан бері тарап жүрсе де, сол кездегі Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов девальвация мүмкіндігін ашық түрде жоққа шығарған еді.

Ол кезде мұнай бағасы қатты құлдырады. 2007-2008 жылдары әлемде қаржылық дағдарыс болды, соның да салдары болды. Сол уақыттары мұнай бағасы барреліне 150 доллардан бірден 40 долларға құлады. Бұл сәйкесінше, экпорттық әлеуетке кері әсерін тигізіп, теңгеге қысым келтірді. Соның барлығы елдегі төлем балансын нашарлатты, – деді экономист.

2008 жылы жаһандық экономикалық дағдарыс болды. 2009 жылы әлемдік ЖІӨ Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет теріс көрсеткіш көрсетті. Ұлттық банк бұл жолғы девальвацияның себебін мұнай бағасының төмендеуімен, Қазақстанның сауда серіктестері саналатын елдердегі ұлттық валюталардың құнсыздануымен және алтын-валюта резервтерін сақтау қажеттілігімен түсіндірді.

2009-2013 жылдар аралығында теңге салыстырмалы түрде тұрақты болды. Алайда 2014 жылғы ақпанда Қазақстанда үшінші девальвация жарияланды. Бұл кезде доллар бағамы бірден 155,5 теңгеден 185 теңгеге дейін өсті.

Бұл уақыттағы дағдарысқа алдыңғы осындай кезеңдегі факторлар әсер етті деуге болады. Осы жүйелік дағдарыс кезеңін алды болды деуге болады. 2014, 2015, 2016 жылдары ел экономикасында жүйелік дағдарыстар орын алған еді. Экомикамыздағы өсім 1%-ды ғана құрап, стагнацияның көрінісі болды. Кейін Келімбетов девальвацияны қысқа-қысқа болмайтындай, бірден серпінді түрде жасаттық, енді девальвацияның ауылы алыс болады деп сендірген болатын, – деді Мақсат Халық.

Айта кетейік, 2013 жылғы қазанда Ұлттық банк төрағасы қызметіне Қайрат Келімбетов тағайындалып, дереу Ұлттық банк бұрынғы ақша-несие саясатын жалғастыратынын мәлімдеді. Қазан мен қараша айларында қаржы реттеушісі теңге бағамының тұрақты болатынына халықты сендіріп отырды. 

2014 жылғы қаңтарда Ұлттық банк тағы да девальвацияға себеп жоқ екенін айтты. Алайда 11 ақпанда Қазақстанда «қара сейсенбі» басталып, теңге шамамен 20 пайызға құнсызданды.

Кейін Келімбетовтің өзі теңгенің девальвациясы болатынын 10 ақпанда, яғни бір күн бұрын ғана білгенін айтты. Алдағы бірнеше айда қаржы реттеушісі келесі девальвацияға қатысты қауесеттерді үнемі жоққа шығарып отыруға мәжбүр болды.

Содан кейінгі девальвация 2015 жылғы тамызда болды. Бұл кезде Ұлттық банк теңгенің еркін айырбас бағамын енгізетінін мәлімдеді. Осы өзгерістен кейін импорттық тауарлардың бағасы күрт өсті. Бұл ішкі инфляцияның артуына, сондай-ақ халықтың сатып алу қабілеті мен нақты табысының төмендеуіне алып келді.

2015 жылы теңге еркін айналымға өтіп, девальвация ұғымы енді қолданылмайды. Сол уақытта Ұлттық банк интервенциялар жасай бастайды. Жыл соңына дейін екі жылдың ішінде алтын резерв қорынан 35 млрд доллар сатады, – деді экономист.

Жалпы 2014 жылдан бастап қазақстандықтардың орташа айлық номиналды жалақысы доллармен есептегенде айтарлықтай төмендей бастады. 

2013 жылы бұл көрсеткіш 717 доллар (шамамен 109 мың теңге) болса, келесі жылдары теңгемен өссе де, доллармен азайып отырды. 2016 жылы орташа айлық жалақы 418 долларды құрады.

Алайда 2017 жылдан бастап қазақстандықтардың орташа айлық жалақысы мен жан басына шаққандағы табысы тұрақты түрде өсе бастады. Бұл тіпті 2020 жылғы пандемияның ауыр экономикалық салдарына қарамастан жалғасты.

2021 жылғы 16-19 желтоқсандағы мереке күндері Ұлттық банк доллардың ресми бағамын 435,54 теңге деп белгіледі. KASE биржасының кешкі сессия қорытындысы бойынша доллардың орташа сараланған бағамы 435,55 теңге болды.

2022 жыл: Ресей мен Украина арасындағы соғыс және оның экономикалық салдары теңге бағамына қысым көрсетті. Бұл кезеңде теңге бір АҚШ долларына 460 теңге аралығында саудаланды.

2023 жыл: Әлемдік экономиканың тұрақсыздығы мен мұнай бағасының төмендеуі теңгенің құнсыздануына әкелді. Теңге бағамы бір АҚШ долларына 450 теңге аралығында болды.

2024 жыл: Қазақстанның Ұлттық банкі валюта нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін интервенциялар жүргізді. Нәтижесінде теңге бағамы бір АҚШ долларына 441 теңге аралығында қалыптасты.

АҚШ-тағы федералдық резервтер жүйесінің жүргізіп отырған саясаты доллар бағамына белгілі бір дәрежеде әсер етіп отырады. Доллардың құнын арттыру арқылы дамушы мемлекеттердің өндірістің құнсыздануына әкеледі. Соңғы жылдардағы АҚШ Орталық банкінің жүргізген қатаңдатылған ақша-несие саясаты базалық 5%-ды ұстап, доллар құнының жоғары болуына әсер етті, – деді экономист Мақсат Халық.

2025 жылғы маусымда: Теңге бағамы бір АҚШ долларына 500-510 теңге деңгейінде саудаланып отыр. Мұнай бағасының тұрақты болуы мен ішкі экономикалық саясаттың әсерінен теңге бағамы салыстырмалы түрде тұрақты қалды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: коллаж BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы