3 Қазан 2026, 18:30 Фото: ©BAQ.KZ/ЖИ

Қазақстандағы автолизинг: жоғары пайыз оның тиімділігін төмендетуі мүмкін

Жаңа талаптар 9 қазаннан бастап күшіне енеді. Сарапшы жоғары мөлшерлеме бағдарламаның тартымдылығын төмендетуі мүмкін екенін айтты.

Қазақстандағы автолизинг бағдарламасы қайта іске қосылуға дайындалып жатыр. Бағдарлама 2025 жылдың желтоқсанында қабылданғанымен, бір жылға жуық уақыт ішінде небәрі бір-екі мәміле жасалған. Авто сарапшы Алексей Алексеевтің айтуынша, бағдарламаның алғашқы нұсқасы тиімсіз деп танылып, кейін уақытша тоқтатылған. Енді жаңа талаптар бекітіліп, бағдарламаға қайта мүмкіндік беріліп отыр. Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.

Жаңа талаптар 9 қазаннан бастап күшіне енеді

Алексей Алексеевтің айтуынша, 26 қыркүйекте Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа базалық мөлшерлемелер мен лизинг ережелерін бекіткен. Жаңа талаптар 9 қазаннан бастап күшіне енеді.

Сарапшы жаңа шарттардың бұрынғыдан аса ерекшеленбейтінін айтады. Оның сөзінше, құны 20 млн теңгеге дейінгі автомобильдер банк арқылы 35%-ға дейінгі мөлшерлемемен, ал лизингтік компания арқылы 36%-ға дейінгі мөлшерлемемен қаржыландырылуы мүмкін.

Бұл ретте клиент бастапқы жарна төлеуі керек. Оның көлемі 10%-дан 30%-ға дейін болады. Келісімшарт бір жылдан бес жылға дейін жасалады, ал кей жағдайда жеті жылға дейін созылуы мүмкін.

Көлік бірден клиенттің меншігіне өтпейді

Автолизингтің автокредиттен басты айырмашылығы – автомобиль бірден клиенттің меншігіне өтпейді. Көлік келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін лизингтік компанияға тиесілі болады. Яғни клиент оны белгілі бір уақытқа жалға алғандай пайдаланады.

Сондықтан көлікті дұрыс күтіп ұстау клиенттің өзіне де тиімді. Ол автомобильді уақытында жөндетіп, жақсы жағдайда сақтауға мүдделі. Өйткені келісім мерзімі аяқталған кезде көліктің қалдық құны ескеріледі.

Лизинг мерзімі аяқталғаннан кейін клиенттің бірнеше таңдауы бар. Ол автомобильді келісімде көрсетілген қалдық құны бойынша сатып ала алады, басқа көлікке ауыса алады немесе автомобильді лизингтік компанияға қайтарады.

Лизингтік компания жабылса, клиент не болады?

Алексей Алексеев лизингтің тәуекелдерінің біріне де тоқталды. Мысалы, лизингтік компания қандай да бір себеппен жабылып қалса, клиент қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Себебі көліктің меншік құқығы сол компанияда қалады.

Ал банк арқылы рәсімделген жағдайда мұндай тәуекел салыстырмалы түрде төмен болуы мүмкін, өйткені банктің жұмысын тоқтатып кету ықтималдығы лизингтік компанияға қарағанда аз.

Сарапшының айтуынша, клиент төлем жасауды тоқтатса да, бұған дейін төлеген ақшасы оған қайтарылмайды. Өйткені ол төлемдер автомобильді пайдалану ақысы ретінде қарастырылады.

Клиент қандай шығындарды өзі төлейді?

Көлікті пайдалану кезінде бірқатар шығын клиенттің мойнында болады. Олардың ішінде КАСКО, міндетті сақтандыру, техникалық тексеру және техникалық қызмет көрсету шығындары бар. Айыппұлдарды да көлік иесі емес, оны пайдаланушы клиент төлейді.

Лизингке алынған автомобильге әдетте GPS-трекер орнатылады. Осы арқылы оның қозғалысы бақыланады. Бұдан бөлек, лизингтік компаниялар жылдық жүріс көлеміне шектеу қоя алады.

Бұл көрсеткіш 10 немесе 20 мың шақырым болуы мүмкін. Нақты шекті әр компания өзі белгілейді.

Егер автомобиль такси ретінде пайдаланылса, белгіленген жүріс шегіне жеткеннен кейін клиент көлікті сатып алуы немесе лизингтік компанияға қайтаруы керек. Сондықтан келісімге қол қояр алдында жылына қанша шақырым жүруге рұқсат берілетінін нақты білу маңызды.

10 млн теңгелік көліктің лизингі қаншаға түседі?

10 млн теңгелік автомобильді мысал ретінде алсақ, клиент оның 2 млн теңгесін бастапқы жарна ретінде төлейді. Қалған 8 млн теңгені банк немесе лизингтік компания қаржыландырады. Үш жылға рәсімделген жағдайда ай сайынғы төлем шамамен 314 мың теңге болады.

36 айдың ішінде клиент шамамен 11 млн 304 мың теңге төлейді. Бұл есепке сақтандыру, КАСКО және рәсімдеу шығындары кірмейді. Ал бастапқы 2 млн теңгені қосқанда, клиент үш жылда шамамен 13 млн 304 мың теңге шығындайды.

Егер үш жылдан кейін автомобильді сатып алғысы келсе, оның қалдық құны шамамен 2 млн теңге болады.

Автокредитпен салыстырғанда айырмашылық қандай?

Енді дәл сондай автомобильді автокредит арқылы алуды салыстырып көрейік. Мұнда да бастапқы жарна 20%, яғни 2 млн теңге деп алынады. Қалған 8 млн теңге үш жылға 26% мөлшерлемемен несиеге рәсімделсе, ай сайынғы төлем шамамен 322,5 мың теңге болады.

Бұл жағдайда клиент банкке жалпы 11 млн 610 мың теңге төлейді. Оның 3 млн 610 мыңы – банкке төленетін пайыз.

Сарапшының пікірінше, автомобиль қымбаттаған сайын лизингтің артықшылығы байқалуы мүмкін. Мәселен, көлік 20, 30 млн теңге немесе одан да қымбат болса, клиент оның барлық құнын өтемейді. Белгілі бір бөлігі қалдық құн ретінде қалады.

Жоғары пайыз лизингтің тартымдылығын төмендетеді

Дегенмен Алексей Алексеев Қазақстандағы қазіргі пайыздық мөлшерлемелер жағдайында лизингтің аса тиімді екеніне күмән келтіреді.

«35–46% – өте жоғары мөлшерлеме. Сондықтан бізде лизинг жоғары пайыздың салдарынан аса тиімді емес», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, клиент автокредитпен автомобильді шамамен 26% мөлшерлемемен ала алатын кезде, лизинг бойынша 46% төлеу тиімсіз болуы мүмкін. Оның үстіне клиент көлік үшін төлем жасап отырғанымен, автомобиль толықтай оның меншігіне бірден өтпейді.

Сондықтан лизингке қызығушылық, ең алдымен, автомобильді коммерциялық мақсатта пайдаланатындар тарапынан болуы мүмкін. Бірақ бұл жағдайда да бастапқы жарна төлеу қажет. Сарапшы мұны лизингтің негізгі кемшіліктерінің бірі деп санайды.

АҚШ-та лизинг қалай жұмыс істейді?

Алексей Алексеев шетелдегі тәжірибені де мысалға келтірді. Оның айтуынша, АҚШ-та автомобильдердің шамамен 40%-ы лизинг арқылы алынады. Ол жақтағы шарттар әлдеқайда қолайлы: кей жағдайда бастапқы жарна мүлде болмайды, ал банктік пайыздар өте төмен.

Мұндай жағдайда клиент автомобильдің бастапқы құны мен қалдық құны арасындағы айырманы, яғни оның амортизациялық құнын төлейді. Бұл сома әдетте 36 айға, яғни екі-үш жылдық лизинг мерзіміне бөлінеді.

Мерзім аяқталған соң клиент көлікті сатып ала алады немесе жаңа автомобильге ауысады. Бұл жеке көлікті немесе автопаркті бірнеше жыл сайын жаңартып отыруға мүмкіндік береді.

«Әр үш жыл сайын осылайша автомобильді ауыстырып, тек оның амортизациялық құнын төлеуге болады. Бұл автопаркті де, жеке автомобильді де жаңартудың жақсы тәсілі», – дейді сарапшы.

Ал Қазақстанда жоғары пайыздық мөлшерлеме лизингтің бастапқы идеясын өзгертеді. Яғни клиенттің автомобильді толық сатып алмай, тек оның құнын пайдалану кезеңіне қарай төлеу мүмкіндігі болғанымен, жоғары пайыздық төлем бұл артықшылықты азайтады.

Келісімшарттағы қалдық құнға мұқият қарау керек

Сонымен бірге лизинг кезінде КАСКО, рәсімдеу және міндетті сақтандыру сияқты қосымша шығындар бар.

Автомобильді мерзімінен бұрын сатып алуға да болады. Бірақ мұндай мүмкіндік келісімшартта нақты көрсетілуі керек.

Сондықтан сарапшы лизинг рәсімдейтін азаматтарға келісімшарттың барлық талабын мұқият оқуға кеңес береді. Әсіресе компанияның қандай жағдайда автомобильді қайтарып ала алатынына, клиенттің көлікті қандай жағдайда мерзімінен бұрын немесе келісім аяқталған кезде сатып ала алатынына және ең бастысы, автомобильдің қалдық құнына назар аудару қажет.

Қалдық құн келісімшартта нақты бекітілуі керек.