16 Қазан 2026, 16:54

458 мың теңге табыс, Bentley және 780 шаршы метр баспана: Қазақстандағы ауқатты азаматтар кімдер?

А санатына кіретін Қазақстандағы жәрдемақы алмайтын байлардың портреті жасалды

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында «Әлеуметтік саясаттағы мақсаттылық қағидаты» тақырыбында өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев азаматтарды әл-ауқат деңгейіне қарай санаттарға бөлу мәселесін түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр А санатына кіретін азаматтардың портретін және мұндай санатқа жататын отбасының мысалын келтірді.

Министрдің айтуынша, А санаты – әл-ауқат деңгейі жоғары азаматтар тобы. Олардың қатарында ірі бизнес, агрохолдингтер мен жылжымайтын мүлік иелері бар.

Бұл – 329 мың үй шаруашылығы. Олар үй шаруашылықтарының жалпы санының 5 пайызын құрайды, – деді Асқарбек Ертаев.

Министр А санатына жататын азаматтардың табысы, тұрғын үйі және меншігіндегі активтері қандай болуы керектігін түсіндірді.

Оның айтуынша, бұл санатқа ену үшін отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 350 мың теңгеден басталуы керек. Ал тұрғын үй көлемі бір адамға шаққанда 120 шаршы метрден асуы қажет. Бұл бірнеше жылжымайтын мүлік нысаны болуы мүмкін. Мысалы, бір немесе екі пәтер, сондай-ақ пәтер мен жеке үй болуы ықтимал.

Бұдан бөлек, азаматтың меншігінде ірі кәсіпорын, екі немесе одан да көп орта кәсіпорын не үш және одан да көп шағын кәсіпорын болуы мүмкін.

Сондай-ақ А санатына жататын азаматтардың көлігі люкс санатына кіреді. Олардың қатарында Rolls-Royce, Bentley, Ferrari, Lamborghini, Maybach, Porsche және басқа да қымбат автомобильдер бар.

Егер азамат ауыл шаруашылығымен айналысса, оның иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 300 гектардан асуы керек. Ал мал шаруашылығымен айналысатын азаматтың ірі қара малы 500 бастан көп болуы мүмкін.

Министр осы белгілерді А санатына жататын азаматтың жалпы портретін сипаттайтын өлшемдер ретінде атады.

А санатына жататын отбасының мысалы

Асқарбек Ертаев түсіндірмесін нақтылау үшін алты адамнан тұратын отбасының мысалын келтірді. Бұл отбасы көпбалалы отбасы ретінде жәрдемақы алады.

Отбасы құрамында 44 жастағы ер адам, 42 жастағы әйел және 16, 14, 10 және 7 жастағы төрт бала бар.

Министрдің мәліметінше, үй шаруашылығының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 458 мың теңгені құрайды. Бұл сома отбасының барлық мүшесіне, яғни балаларға, жұбайына және отағасына шаққандағы табысты білдіреді.

Отбасының меншігінде ауданы 480 шаршы метр жеке үй және 300 шаршы метр пәтер бар. Екі нысанның жалпы ауданы 780 шаршы метрді құрайды. Оны алты адамға бөлгенде, отбасының әр мүшесіне 130 шаршы метрден келеді.

Сонымен қатар отбасының иелігінде 2023 жылғы Bentley маркалы автомобиль бар. Бұдан бөлек, ауданы 150 шаршы метр коммерциялық жылжымайтын мүлік – дүкені бар. Отбасы мүшелерінің бірінің атында жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанындағы бір шағын кәсіпорын тіркелген.

Министр бұл мысалдың дербес мәліметтері жасырылған нақты үй шаруашылығының үлгісі екенін атап өтті.

Бұл – А санатына жататын, дербес мәліметтері жасырылған үй шаруашылығының нақты мысалы. А санатына дәл осындай азаматтар мен үй шаруашылықтары кіреді, – деп түсіндірді Асқарбек Ертаев брифингте.