9 Қараша 2026, 12:31 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Қазақстандағы әр үш көліктің екеуі ескі: Автопаркті жаңарту үшін не қажет?

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі жеңіл автокөліктердің 68,7 пайызы 10 жылдан асқан.

Қазақстанда тіркелген жеңіл автокөліктердің басым бөлігі ескірген. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы 1 қазанда елде шамамен 5,13 миллион жеңіл автокөлік тіркелген. Оның 42,2 пайызының пайдаланылғанына 20 жылдан асса, 68,7 пайызы 10 жылдан бері жолда жүр. Ескі көліктерді жаңарту үшін өтемақы сертификатын енгізу мәселесі де көтеріліп отыр. Бұл туралы Қазақстан Автокөлік одағының BAQ.KZ редакциясының ресми сауалына берген жауабында айтылды.

Қазақстандағы автопарктің жағдайы қандай?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазанда Қазақстанда шамамен 5,13 миллион жеңіл автокөлік тіркелген. Олардың 42,2 пайызы 20 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Ал 10 жылдан асқан көліктердің үлесі 68,7 пайызға жеткен.

Қазақстан Автокөлік одағының өкілдері автопаркті жаңарту бағдарламасы ескі көліктерді жаңасына ауыстыру үдерісін жеделдетуге мүмкіндік беретінін айтады.

Қазақстандағы автопарктің жас құрылымы көліктерді жаңарту мәселесінің өзектілігін көрсетеді. Сондықтан бұл бағытта арнайы ынталандыру тетіктерін қарастыру маңызды. Мұндай бағдарлама ескі автокөліктерді қолданыстан шығаруға және азаматтардың жаңа көлік сатып алуына мүмкіндік туғызуы мүмкін, – деп жауап берді Қазақстан Автокөлік одағынан.

Одақтың дерегінше, ресми дилерлер арқылы сатылған жаңа жеңіл және коммерциялық көліктер саны соңғы жылдары өсіп келеді. Мәселен, 2023 жылы 198,7 мың көлік сатылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 205,1 мыңға жеткен. Ал 2025 жылы сатылым көлемі 234,9 мың болған.

Жаңа көліктер сатылымының артуы автопарктің жаңаруына ықпал етеді. Дегенмен елдегі ескі автокөліктердің үлесі әлі де жоғары. Сондықтан бұл үдерісті жеделдету үшін қосымша ынталандыру шаралары қажет болуы мүмкін, – деп атап өтті одақ өкілдері.

315 мың теңге өтемақы қалай есептелуі керек?

Бұған дейін ескі көліктерді жаңарту бағдарламасы аясында 315 мың теңге көлемінде сертификат беру мәселесі айтылған еді. Алайда өтемақының нақты мөлшері қандай негізде белгіленетіні маңызды сұрақ болып отыр.

Қазақстан Автокөлік одағының түсіндіруінше, сертификаттың номиналдық құнын уәкілетті орган тиісті ұйымдар мен қауымдастықтардың ұсыныстарын ескере отырып айқындайды.

Сертификаттың номиналдық құнын белгілеу кезінде тиісті ұйымдар мен қауымдастықтардың ұсыныстары ескеріледі. Бұл ретте өтемақы мөлшері елдегі автопарктің нақты жағдайына негізделуі керек, – деп хабарлады Қазақстан Автокөлік одағынан.

Одақ өкілдері өтемақы сомасын есептеу үшін алдымен пайдалану қасиетін жоғалтқан көліктердің нақты санын анықтау қажет екенін атап өтті.

Ең алдымен, пайдалану қасиетін жоғалтқан автокөліктердің нақты санын анықтау маңызды. Бұдан кейін көлік иелерін ескі автокөлігін жаңасына ауыстыруға ынталандыратын өтемақы көлемін бағалау қажет. Қолдау мөлшері нақты есептеулерге сүйеніп белгіленуге тиіс, – деді ұйым өкілдері.

Демек, 315 мың теңгені түпкілікті әрі өзгермейтін сома ретінде қарастыруға әлі ерте. Өтемақы мөлшері автопарктің құрылымы мен көлік иелерінің қажеттілігін ескере отырып айқындалуы керек.

Бағдарлама іске қосылды ма?

Қазақстан Автокөлік одағының мәліметінше, қазіргі уақытта автопаркті жаңарту бағдарламасының ресми түрде іске қосылғаны туралы ақпарат жоқ. Оған қандай автокөлік өндірушілер мен дилерлер қатысатыны да әзірге белгісіз.

Қазіргі уақытта бағдарламаның іске қосылғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Сондай-ақ оған қатысатын автокөлік өндірушілер мен дилерлердің тізімі жөнінде де нақты мәлімет жарияланған жоқ, – деп мәлімдеді Қазақстан Автокөлік одағынан.

Сонымен қатар сертификаттың жаңа көліктердің бағасына әсері туралы да сұрақ туындайды. Одақ бұл екі мәселені бір-бірінен бөлек қарастыру қажет екенін түсіндірді.

Сертификат беру тетігі мен жаңа автокөліктердің бағасын қалыптастыру – екі бөлек мәселе. Сондықтан өтемақы сертификаты жаңа көліктердің бағасына тікелей әсер етеді деп қарастыруға болмайды, – деді одақтан.

Басқа елдер ескі көліктерді қалай жаңартады?

Әлемнің бірқатар мемлекеті ескі автокөліктерді жаңарту үшін арнайы ынталандыру бағдарламаларын қолданған. Олардың мақсаты – ескі әрі экологиялық талаптарға сай келмейтін көліктерді айналымнан шығарып, орнына жаңа автокөлік сатып алуға жағдай жасау.

Қазақстан Автокөлік одағы халықаралық тәжірибені зерделеу маңызды екенін атап өтеді. Әртүрлі елдерде ескі көліктерді жаңарту үшін өтемақы, субсидия және басқа да қолдау тетіктері қолданылған.

Халықаралық тәжірибе ескі автокөліктерді жаңарту үшін түрлі ынталандыру шаралары қолданылатынын көрсетеді. Әр мемлекет мұндай бағдарламаларды өзінің көлік нарығы мен экономикалық жағдайына қарай әзірлейді, – деді Қазақстан Автокөлік одағынан.

Мәселен, Германияда 2009 жылы ескі көлігін өткізіп, жаңа автокөлік сатып алған азаматтарға 2,5 мың еуро көлемінде өтемақы берілген. Бағдарлама аясында 1,78 миллион ескі көлік қолданыстан шығарылған.

Францияда ескі автокөліктерді экологиялық талаптарға сай келетін жаңа көліктерге ауыстыру үшін мемлекеттік субсидиялар ұсынылған. Бұған қоса, кейбір қалаларда шығарындылары жоғары көліктердің қозғалысына шектеулер енгізілген.

Қытайда да ескі көлікті өткізіп, жаңа автокөлік сатып алатын азаматтарға субсидия беріледі. 2026 жылы ескі көлігін жойып, орнына жаңа электр көлігін алғандарға 20 мың юаньға дейін қолдау қарастырылған. Ал Бейжіңде автокөліктердің мемлекеттік нөміріндегі соңғы санға қарай қозғалысты шектеу тәжірибесі қолданылады.

АҚШ-та 2009 жылы «Cash for Clunkers» бағдарламасы жүзеге асырылды. Оның аясында ескі көлігін жанармайды үнемдейтін жаңа автокөлікке ауыстырған азаматтарға 3,5-4,5 мың доллар көлемінде жеңілдік берілген. Нәтижесінде шамамен 677 мың көлік жаңартылған.

Дегенмен шетелдік тәжірибені Қазақстанға сол күйінде көшіру дұрыс емес. Әр елдегі автопарктің құрылымы, халықтың сатып алу қабілеті мен көлік нарығының ерекшеліктері әртүрлі. Сондықтан халықаралық тәжірибені елдің жағдайына бейімдеу қажет, – деп атап өтті Қазақстан Автокөлік одағынан.

Қазақстан үшін қандай тәжірибе маңызды?

Халықаралық тәжірибе ескі көліктерді жаңарту үшін қаржылай ынталандырудың маңызды екенін көрсетеді. Алайда мұндай бағдарламаның нәтижесі өтемақы көлеміне ғана емес, оның шарттары мен жүзеге асу тәртібіне де байланысты.

Одақ өкілдерінің пікірінше, алдымен елдегі ескі көліктердің нақты саны мен техникалық жағдайын анықтау қажет. Осыдан кейін ғана көлік иелеріне ұсынылатын өтемақының тиімді мөлшерін есептеуге болады.

Бағдарламаның негізгі мақсаты тек сертификат тарату болмауы керек. Маңыздысы – пайдалану мерзімі ұзақ әрі техникалық жағдайы нашар көліктерді қолданыстан шығарып, елдегі автопаркті біртіндеп жаңарту. Ол үшін қолдау тетіктері нарықтың нақты қажеттілігіне сай құрылуға тиіс, – деді Қазақстан Автокөлік одағынан.

Қазір Қазақстанда автопаркті жаңарту бағдарламасының іске қосылғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Сертификаттың нақты мөлшері мен бағдарламаға қатысатын ұйымдар туралы да әзірге толық мәлімет жарияланбаған. Сондықтан оның көлік иелеріне қандай мүмкіндік беретінін нақты шарттары бекітілгеннен кейін ғана бағалауға болады.