Қазақстандағы АЭС: Қытай үміткер болуға лайық па?

Атом электр стансасын салу елімізде даулы мәселе екені белгілі. Бірі оны ел дамуының ажырамас бөлігі деп есептесе, бірі атом мен жарылыс егіз ұғым деп санайды. Сондықтан журналистерге арналған пресс-тур аясында көрші Қытай еліндегі атом электр стансаларының жұмысымен танысып қайтуды жөн санадық, деп хабарлайды Қытайдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қытайдағы АЭС жұмысымен танысуға Қытай ұлттық атом корпорациясының (CNNC) Қытай атом энергиясының инжиниринг компаниясында (CNPE) өткен кездесу септігін тигізді.

2023 жылдың 15 қазанындағы дерек бойынша, Қытай аумағында жалпы қуаты 57 625 мегаватты (МВт) құрайтын 56 атом энергоблогы бар. Сондай-ақ 24 атом энергоблогы салынып жатыр және тағы 7 блокты салу мақұлданды, – деді CNNC Overseas компаниясының бас директорының орынбасары Фей Джисун кездесу барысында.

Бүгінде Қытай – әлем бойынша атом энергоблоктары ең көп салынып жатқан мемлекет. Олар Hualong One деп аталатын АЭС салу технологиясын жасап шығарған.

Түсіндіре кетейік, бір атом стансасында 1-ден 8-ге дейін энергоблок болуы мүмкін. Әрбір энергоблоктың ішінде бір реактор болады. Ал реактор негізінен ураннан жасалатын отынмен жұмыс істейді.

Атом энергиясы – экологиялық таза әрі төмен көміртекті энергия көзі. Оны CNPE компаниясының бас директорының орынбасары Мао Явей өз мысалмен түсіндіріп кетті.

Мысал үшін қуаты 1200 МВт-ты құрайтын бір Hualong One АЭС-ін алсақ, ол жылына шамамен 10 млрд кВт*с экологиялық таза электр энергиясын өндіреді. Бұл энергия көлемі 1 млн халқы бар орташа дамыған елдің электр энергиясына өндірістік және тұрмыстық қажеттілігін толық өтей алады. Ол дегеніміз – 3,12 млн тонна кәдімгі көмірді тұтынуды қысқарту және 70 млн ағашы бар орманның қалпына келуі деген сөз, – деді ол.

Өйткені атом энергиясы – ауа райына, маусымға және басқа да қоршаған орта факторларына әсер етпейтін энергияның негізгі жүктемесінің қауіпсіз және тиімді көзі.

Еске сала кетсек, Қазақстанда АЭС мәселесі сарапшылар мен қоғамның белсенді өкілдерімен талқыланып жатыр. АЭС салу - Жалпыұлттық референдум арқылы шешіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе деген болатын.

Жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз, - деді Президент.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы