28 Тамыз 2026, 12:10 Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Қазақстандағы 2 мыңнан аса мектеп асханасынан заңбұзушылық анықталды

Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін 8 400 нұсқама берілген.

Қазақстандағы білім беру ұйымдарының асханаларына жүргізілген мониторинг барысында 2087 ас блогында түрлі санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, тексеру нәтижесінде 1168 мектеп асханасы мен 45 мектеп-интернаттың ас блогында санитариялық-техникалық және тоңазытқыш жабдықтарының жеткіліксіз екені белгілі болған.

Заңбұзушылықтардың ең көбі Түркістан облысында – 259, Қарағанды облысында – 163, Алматы қаласында – 123 және Қызылорда облысында – 115 жағдай тіркелді, – деді комитет төрағасы ОКҚ алаңында өткен брифингте.

8 400 нұсқама берілді

Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін 8 400 нұсқама берілген. Сонымен қатар 287 жедел әрекет ету шарасы қабылданып, оның ішінде 247 нысанның қызметіне тыйым салу және 40 нысанның жұмысын уақытша тоқтату туралы қаулы шығарылған.

Сархат Бейсенованың сөзінше, мұндай шаралар санитариялық-эпидемиологиялық қорытындылардың болмауы, ғимараттар мен инженерлік желілердің қанағаттанарлықсыз жағдайы секілді өрескел бұзушылықтарға байланысты қолданылған.

2026 жылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша берілген нұсқамалардың 90,6 пайызы орындалды. Жалпы 7 616 нысанда анықталған кемшіліктер жойылды, – деді ол.

44 миллион теңгеден астам айыппұл салынды

Комитет мәліметінше, нұсқамаларды уақытылы орындамағаны үшін 128 әкімшілік айыппұл салынып, олардың жалпы сомасы 44 миллион теңгеден асқан.

Қазіргі уақытта бұрын берілген нұсқамалардың орындалуын бақылау мақсатында 600-ден астам нысанда жоспардан тыс тексерулер жалғасып жатыр.

Тағамнан улану деректері азайды

Сархат Бейсенова мемлекеттік бақылаудың ерекше тәртібі аясында қабылданған шаралардың оң нәтиже бергенін атап өтті.

Оның айтуынша, биылғы жылдың алғашқы жеті айында білім беру ұйымдарымен байланысты тіркелген тағамнан улану жағдайлары өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі 8 жағдайдан 2 жағдайға дейін азайған. Ал зардап шеккен балалар саны 18-ден 13-ке төмендеген.

Мектептерге қойылатын талаптар күшейтілді

Комитет төрағасы санитариялық-эпидемиологиялық қызмет білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығын бақылауды жалғастырып жатқанын айтты.

Осыған байланысты ол білім беру ұйымдарының басшылары мен жергілікті атқарушы органдарды барлық анықталған кемшіліктерді уақытылы жоюға шақырды.

Барлық берілген нұсқамалардың толық әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету қажет. Қаржыландыруды талап ететін мәселелер бойынша нақты қаржы көздері мен мерзімдер белгіленуі тиіс. Сонымен қатар ғимараттар мен инженерлік желілердің қауіпсіз пайдаланылуына, жылыту, сумен жабдықтау және желдету жүйелерінің жарамдылығына, асханалар мен медициналық пункттердің санитариялық талаптарға сәйкестігіне, рұқсат құжаттарының толық болуына және жаңа тамақтану стандартының сақталуына тұрақты бақылау жүргізілуі керек, – деді Сархат Бейсенова.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан мектептерінде тамақтану қаншалықты қымбаттағаны хабарланды