Қазақстанда жылына жол апатынан 2 мыңнан астам адам қаза болады
Қазақстанда жыл сайын 2 мыңнан астам адам жол апатынан көз жұмады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Үкімет отырысында мәлімдеді.
Айтуынша, 20 мыңнан астам адам жол-көлік оқиғасынан зардап шегеді.
Қауіпсіздік мәселелері профилактика жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралды. Нәтижесінде бірқатар тәртіптік шара қолданылды: облыс әкімдерінің орынбасарлары, полиция департаменті басшылары жауапкершілікке тартылды, - деп атап өтті вице-министр.
Белгілі болғандай, жол-көлік оқиғаларына бірнеше фактор әсер етеді.
Біріншіден, апаттардың 90%-ы жүргізушілердің кінәсінен болады. Көлік жүргізу тәртібінің төмендігі – басты себептердің бірі. Жыл сайын полиция 13 миллионға жуық жол ережесін бұзу дерегін анықтайды. Биыл адам өлімі мен ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін ереже бұзушылықтар 20%-ға артты. Қарсы жолаққа шығу фактілері 16%-ға көбейді. 16,6 мың мас жүргізуші ұсталды, - деді Игорь Лепеха.
Белгілі болғандай, жолдағы тәртіпті арттыру үшін патрульдеу бағыттары кеңейтілді. Профилактикалық іс-шаралар мен тексерулер өткізіліп жатыр.
Бүгіннен бастап «Қауіпсіз жол» атты арнайы профилактикалық іс-шара басталды.
Бұған дейін Қарағанды маңындағы жол апатында 5 адам көз жұмған еді.