Қазақстанда жылдамдық асырғандарды өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру ұсынылды
Депутат жоғары жылдамдықпен жүретін жүргізушілерді қасақана қылмысқа теңеп, жазаны қатаңдатуды ұсынды.
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов кулуарда ірі қалаларда жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілерге қатысты жазаны қатаңдату қажет екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, мұндай құқық бұзушылықтарға көбіне ауқатты, заңды елемейтін және қоғамды менсінбейтін адамдар барады.
Депутаттың пікірінше, жоғары жылдамдықпен көлік жүргізу – саналы түрде жасалатын әрекет, сондықтан оны абайсызда жасалған қылмыс ретінде қарастыру дұрыс емес.
200 км/сағ жылдамдықпен жүрген адам біреуді қағып кетсе, оның өлімге әкелетінін алдын ала біледі. Соған қарамастан әрекет етеді. Сондықтан мұндай істерді абайсыз емес, қасақана қылмыс ретінде қарастыру керек, – Мәжіліс депутаты деді Мұрат Әбенов.
Ол қазіргі айыппұлдардың мұндай жүргізушілер үшін тиімді тосқауыл болмай отырғанын атап өтті. Себебі ауқатты азаматтар үшін бірнеше миллион теңге айыппұл төлеу қиындық тудырмайды.
Осыған байланысты депутат заңнамаға өзгерістер енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, жылдамдықты аса қауіпті деңгейде асырған жүргізушілерді:
- жүргізуші куәлігінен ұзақ мерзімге (7 жылға дейін) айыру;
- қайталап бұзған жағдайда өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру;
- автокөлікті тәркілеу сияқты қатаң шаралармен жазалау қажет екенін айтты.
Сонымен қатар адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғаларын да қайта қарау ұсынылды.
Қазір мұндай жағдайлар көбіне абайсызда жасалған қылмыс ретінде бағаланады. Ал шетел тәжірибесінде, мысалы Германияда, бұл қасақана қылмыс ретінде қарастырылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы беріледі, – деді депутат.
Оның пікірінше, Қазақстанда да мұндай қылмыстарды «аса ауыр қылмыс» санатына енгізіп, 10-15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастыру қажет.
Мұрат Әбенов сондай-ақ мұндай құқық бұзушылықтар көбіне ірі қалаларда кездесетінін айтты. Себебі жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік те, қымбат көліктер де негізінен мегаполистерде шоғырланған.
Депутат қоғамның белсенділігі де маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол азаматтарды заң бұзушылықтарды бейнетаспаға түсіріп, тиісті органдарға хабарлауға шақырды.
Қоғам талап етсе, мемлекет те, полиция да белсендірек жұмыс істейді. Сондықтан мұндай жағдайларға бейжай қарамау керек, – деді ол.
Сондай-ақ депутат қайғылы оқиғаларда жәбірленуші тараптың ұстанымын қолдайтынын білдірді.
Кешірім сұраумен мәселе шешілмейді. Бұл – қоғамға сабақ болуы тиіс, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.
Еске салсақ, депутат Мұрат Әбенов бұдан былай Қазақстанда жылдамдықты асырған көлік жүргізушілеріне қолданылатын жаза қатаңдатылуы мүмкін екенін бұған дейін де мәлімдеген болатын.