Қазақстанда жыл сайын 2,5 мың адам қатерлі қан ісігіне шалдығады

Қазақстанда жыл сайын шамамен 2,5 мың адамға алғаш рет қан қатерлі ісігі – лейкоз диагнозы қойылады. Қазіргі уақытта ел аумағында бұл диагнозбен тіркеуде тұрған науқастардың саны 13 мыңнан асады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы өзекті мәселе елордада өтіп жатқан "Гематология және сүйек кемігін трансплантациялаудың өзекті мәселелері" атты III Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның басты тақырыбына айналды. Ауқымды іс-шараны Ұлттық ғылыми онкология орталығы елордалық гематолог дәрігерлер қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Конференцияға Қазақстаннан және шет мемлекеттерден — Ресей, Беларусь, Әзербайжан, Түркия, Қытай мен Өзбекстаннан келген 300-ден астам маман қатысуда. Олардың қатарында гематологтар, онкологтар, химиотерапевтер, трансплантологтар, патоморфологтар және медициналық ғылым өкілдері бар.

Биылғы жиынның басты ерекшелігі — ашық пікір алмасуға негізделген формат. Дәрігерлер нақты клиникалық жағдайларды талқылап, науқастардың өмірінен алынған мысалдар арқылы тиімді шешімдер жолын бірге іздеуде. Бұл тәсіл кәсіби тәжірибені тереңдетіп қана қоймай, диагностика мен емдеудің бірыңғай стандарттарын қалыптастыруға сеп болмақ.

Конференция бағдарламасында жедел лейкоздар мен лимфомаларды емдеудің инновациялық әдістерінен бастап, CAR-T терапиясы мен сүйек кемігін трансплантациялаудың заманауи технологияларына дейінгі кең тақырыптар қамтылған. Сонымен қатар, клиникалық зерттеулердің нәтижелері, пациенттерді басқарудың жаңа жолдары, емдеу процесінің сабақтастығы мен арнайы медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері де кеңінен сөз болды.

 

Мақсат — сапалы әрі қолжетімді ем

Павлодар облысының штаттан тыс бас гематологы Жаннұр Сейсенбекова конференция аясында өңірдегі тәжірибемен бөлісті. Оның айтуынша, жедел лейкоз – өте ауыр диагноз болғанымен, соңғы жылдары Қазақстанда бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар.

Дәрігерлеріміз үнемі білімін жетілдіріп, шетелде тәжірибеден өтіп жүр. Науқастарды Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығына жібереміз. Онда толық диагностика жүргізіліп, қажет болған жағдайда сүйек кемігін трансплантациялау жасалады. Соңғы үш жылда Павлодар облысынан 30-ға жуық науқасқа ота жасалып, барлығы сәтті өтті, – деді дәрігер.

Жаннұр Сейсенбекованың айтуынша, бүгінде елімізде шетелге бармай-ақ, сапалы ем алу мүмкіндігі бар.

Қазақстанда қажетті заманауи құрал-жабдықтар мен білікті мамандар жеткілікті. Ең бастысы – дер кезінде дәрігерге қаралу, – деді ол.

Трансплантология қызметі жаңа деңгейге шықты

Конференцияның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Санжар Шәлекенов орталықтағы трансплантология бағытының даму кезеңдеріне тоқталды.

2010 жылдың желтоқсанында алғаш рет аутотрансплантация жасалған болатын. Сол кезден бері орталығымыз үлкен жолдан өтті. 2014 жылдан бастап сүйек кемігін трансплантациялаудың барлық түрі, оның ішінде ең күрделі саналатын – аллогендік процедуралар да сәтті меңгерілді, – деді ол.

Маманның айтуынша, орталық жаңа ғимаратқа көшкелі бері трансплантация бөлімшесінің мүмкіндігі артқан. Қазіргі таңда сүйек кемігін ауыстыруға арналған 21 арнайы төсек-орын бар. Биылдың өзінде 150-ге жуық операция жоспарланып, соның 107-сі сәтті орындалған.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, гематологиялық көмектің стандарттарын жаңарту, жаңа клиникалық хаттамалар әзірлеу және емдеудің озық әдістерін енгізу бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Біздің басты мақсатымыз – науқастардың өмірін сақтап қалу және жоғары сапалы медициналық көмек көрсету, – деп қорытындылады Санжар Шәлекенов.

 

Халықаралық тәжірибе – ортақ мақсат

Астанада өтіп жатқан бұл конференция тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми жетістіктер мен нақты клиникалық амалдарды ортаға салуға арналған маңызды кәсіби алаңға айналды. Түрлі елден келген сарапшылардың барлығының көздегені бір – гематологиялық ауруларды емдеуді тиімді, қолжетімді және ең бастысы – пациенттің мүддесіне сай жүргізу.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығы
Өзгелердің жаңалығы