25 Тамыз 2026, 23:47 Фото: BAQ.KZ архиві

Қазақстанда жыл басынан бері 17 есірткі зертханасы жойылды

Жыл басынан бері есірткі қылмыстарына қатысы бар 55 кәмелетке толмаған ұсталған.

Қазақстанда биылғы жылдың алғашқы жеті айында 4,5 мың есірткіге қатысты құқық бұзушылық тіркелді. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл нәтижесінде синтетикалық есірткі өндіретін 17 жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды.

Polisia.kz-тің мәліметінше, жеті ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесіліп, 12 қылмыстық іс қозғалды. Тоғыз ұйымдастырушы мен 41 қатысушы ұсталды. Заңсыз айналымнан 865 келі есірткі тәркіленді.

Жыл басынан бері есірткі қылмыстарына қатысы бар 55 кәмелетке толмаған ұсталған. Олардың 32-сі есірткі өткізуге байланысты әрекеттерге қатысқан.

Есірткі бизнесінің қаржылық арналарына қарсы күрес аясында 258 млн теңгеге қатысты 10 мың банк картасы мен шот бұғатталды. Бұдан бөлек, көлеңкелі қаржы схемаларына қатысы бар 215 мың шетелдік карта-шот бойынша транзакцияларға шектеу қойылды.

Интернетте есірткі таратумен байланысты 8,5 мыңға жуық сайт бұғатталды. Ал алдын алу шаралары аясында 2 миллионнан астам жас пен жасөспірімді қамтыған 14 мыңнан астам іс-шара өткізілді.

ІІМ есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес пен профилактикалық жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.