Қазақстанда жыл басынан бастап теміржол бойында 55 адам жарақаттанған
Жыл басынан бастап 15 мыңнан астам азамат белгіленбеген жерден теміржолды кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көліктегі полиция департаменті 2022 жылдың басынан бастап пойызды шұғыл тежеу бойынша 1 168 фактіні тіркеді. Оның 250-і – адамдардың темір жол үстінде болуы, 768-і – малдың темір жол үстінде болуы.
Барлығы 15 175 азамат белгіленбеген орындардан темір жолды кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Департамент бастығы Оңал Бекиевтің айтуынша, биылғы жылы пойыз кесірінен адамдардың жарақат алуы бойынша 55 жағдай тіркелген.
Олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар. Кісі өлімі фактісі де кездеседі.
Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – теміржол транспортына қатысты қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу. Бұл – теміржолды белгіленбеген жерден кесіп өту, адамдардың бейқамдығы әрі абайсыздығы, жаяу жүргіншілер көпірі мен туннельдерді пайдаланбауы, – дейді көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиев.
Оның айтуынша, музыка тыңдап, құлаққап таққан жастар көбінесе келе жатқан пойыздың, локомотивтердің дауысын естімей қалады.
Бұл статистика кәмелетке толмағандарды да, ересектерді де бейжай қалдырмай, денсаулығы мен өмірі тек өздерінің ұқыптылығы мен жол ережелерін қатаң сақтауына байланысты екенін бір сәтке жадыларынан шығармауы керек, – дейді көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекиев.
Департаменттің мәліметінше, жыл сайын теміржолда пойыз астына 1000-ға жуық мал (сиыр, жылқы, қой) көбінесе локомотивпен соқтығысып, бір мезетте екі-үш немесе одан да көп бас мал өледі. Осы жылдың 7 айында Көліктегі полицейлер 7000-нан астам азаматты теміржол үстіне мал жайғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.