Бүгiн 2026, 12:00 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Ақылы жол: Жүргізушілерге жеңілдік жасалмақ

Ақылы жолдарда төлем жасау ережелері жеңілдетілді.

Көлік министрлігі ақылы жолдармен жүру ақысын төлеу тәртібіне өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрыққа қол қойылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жаңа өзгерістер ақылы жолдарды пайдаланушылар үшін төлем жасау тәртібін жеңілдетіп, икемдірек етуге бағытталған. Сондай-ақ жолақысын уақытында төлемегені үшін жүргізушілердің әкімшілік жауапкершілікке тартылу жағдайларын азайту көзделіп отыр.

Бұған дейін қолданыста болған нормаға сәйкес, жүргізуші жолақысын жеті күнтізбелік күн ішінде төлемеген жағдайда, сегізінші күні материалдар Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберілетін.

Енді жаңа тәртіп бойынша, егер жеке тұлға жол жүрген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде төлем жасамаса, материалдар 31-ші күні заңнамада белгіленген тәртіппен көліктік бақылау органдарына жолданады, - делінген ведомство хабарламасында.

Сонымен қатар алғаш рет жеке және заңды тұлғалар үшін бөлек тәртіп енгізіліп отыр. Егер заңды тұлға есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлем жасамаса, материалдар келесі күні көліктік бақылау органдарына жіберіледі.

Бұл өзгерістер республикалық маңызы бар ақылы жол учаскелерімен жүргені үшін төлем жасауға жүргізушілерге қосымша уақыт береді.

Қол қойылған бұйрық Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.