Қазақстанда жүк көліктерінің салмағын өлшейтін станция ашылады

Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жолдарға салынып жатқан үлкен инвестицияларды ескере отырып, салынған жаңа жолдарды тиісті деңгейде сақтап қалу аса маңызды. Мемлекетімізде 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелсе, оның 60 мыңы рұқсат етілген 25 тонна жүк тасу көлемін сақтамайды, - деді министр.

Қарабаев атап өткендей, бұл жолдардың бұзылуына тікелей әсер етеді. Осыған байланысты карьер иелерінің салмақ параметрлерін сақтау бойынша жауапкершілігін күшейту, карьерлік самосвалдардың жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына тыйым салуға тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді.

Ведомство басшысының айтуына қарағанда, бұл нормаларды қыркүйек айына дейін Мәжіліске кіргізіп, 2025 жылдың басынан бастап күшіне енгізу жоспарланып отыр.

Келесі жылдың аяғына дейін автокөліктің қозғалысы кезінде салмағын өлшейтін 220 станцияларын орнату жұмыстары басталады. Өлшеу станциялары – бұзушылықтарды онлайн тіркеп, айыппұлды «Сергек» бағдарламасы форматында рәсімдейді, - деп айтты ол.

Министрліктің дерегіне сәйкес, 2023 жылы ірі габаритті ауыр салмақтар бойынша 250 000-нан астам жүк көлігі тексерілді, 85 500-ге жуық бұзушылықтар анықталған. Артық жүктемемен 20 406 жүк көліктерінің жүруіне жол берілмеді. Жүк көліктерінің жол ақысынан 25 млрд теңгеден астам айыппұл өндірілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Мәди Искаков - архив
Өзгелердің жаңалығы