Қазақстанда жүк көліктері үшін жол ақысы өзгеруі мүмкін
Үкімет коммерциялық жүк көліктерінің жол ақысын төлеу тәртібін қайта қарастырып жатыр. Жаңа ұсыныстар жеке жеңіл көлік иелеріне әсер етпейді.
Қазақстанда коммерциялық жүк көліктерінің жол ақысын төлеу жүйесін жетілдіру мәселесі қарастырылып жатыр. Ұсынылып отырған өзгерістер отандық және шетелдік тасымалдаушыларға қатысты болмақ. Ал жеке жеңіл көлік иелері үшін жол жүру шарттарын өзгерту жоспарланбаған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен автомобиль жолдарында ақы төлеу жөніндегі жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Жиында қолданыстағы жол алымдары жүйесін жетілдіру және жол инфрақұрылымын күтіп ұстау мен жөндеуді қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Негізгі назар коммерциялық жүк көліктерінің, соның ішінде отандық және шетелдік тасымалдаушылардың жол ақысын төлеу тәртібіне аударылды.
Сонымен қатар жүк тасымалының ашықтығын арттыру және жол ақысын төлеу талаптарының сақталуын бақылау мәселесі қаралды. Осы мақсатта жүк көліктерінің қозғалысын, соның ішінде ақылы жол учаскелерінде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық құралдарды кеңінен пайдалану ұсынылды.
Жеңіл көлік иелеріне не өзгереді?
Үкіметтің мәліметінше, ұсынылып отырған шаралар азаматтардың жеке жеңіл көлігімен жол жүру шарттарын өзгертуді көздемейді. Жұмыс тобының негізгі міндеті – коммерциялық жүк көліктеріне қатысты төлем тәсілдерін пысықтау.
Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин мемлекеттік органдарға, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдеріне ұсыныстарды бірлесіп әзірлеуді тапсырды.
Бұл ретте тасымалдаушылар мен кәсіпкерлердің мүддесін ескеріп, жол инфрақұрылымын күтіп ұстау шығындарын әділ бөлу қажеттігі айтылды.
Ұсыныстарды қарашаның соңына дейін әзірлеп, жұмыс тобының келесі отырысында қарау жоспарланып отыр.