Қазақстанда жоғары сұранысқа ие балық түрлері қандай?
Мұздатылған ақсерке Қазақстанда жоғары сұранысқа ие, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Балық және балық өнімдері пайдалы дәрумендерге бай болғандықтан, дұрыс тамақтанудың маңызды элементтерінің бірі саналады.
Орташа алғанда, 100 грамм балық немесе балық өнімдерінде 7-24 грамм ақуыз бар. Әлемдік азық-түлік балансында балық пен балық өнімдеріне сұраныс үнемі өсіп келеді. Қазақстанда да балық сұранысқа ие.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде балықтың тауар айналымы бойынша қызықты фактілермен бөлісті.
2021-2022 жылдары Қазақстанға құны 196,3 млн АҚШ доллары сомасында жалпы салмағы 50,2 мың тонна балық әкелінді. Атап айтқанда:
Норвегиядан - 125,0 млн АҚШ долларына 31,2 мың тонна,
Чилиден - 16,9 млн АҚШ долларына 2,0 мың тонна,
Исландиядан - 2,3 млн АҚШ доллары сомасында 1,2 мың тонна,
Вьетнамнан - 3,2 млн АҚШ доллары 0,7 мың тонна,
Қытайдан 0,8 млн АҚШ доллары сомасында 0,2 мың тонна және басқа Еуропа елдерінен балық әкелінді.
Құны 94,3 млн АҚШ долларын құрайтын 19,7 мың тонна балық экспортталды (2021 жылы – 31,4 млн АҚШ доллары сомасында 8,3 мың тонна, 2022 жылы – 62,9 млн АҚШ доллары сомасында 11,2 мың тонна). Оның ішінде Германияға 25,1 млн АҚШ доллары сомасында 4,4 мың тонна, Нидерландыға 17,0 млн АҚШ доллары сомасында 2,7 мың тонна, Литваға 14,7 млн АҚШ доллары сомасында 2,2 мың тонна, Украинаға 1,6 млн АҚШ доллары сомасында 1,4 мың тонна, Өзбекстанға 0,8 млн АҚШ доллары сомасында 1,2 мың тонна, Қытайға 0,3 млн АҚШ доллары сомасында 0,3 мың тонна және басқа Еуропа елдеріне экспортқа балық шығарылған.
2023 жылдың 4 айында кедендік статистикаға сәйкес 38,8 млн АҚШ доллары сомасында 10,7 мың тонна балық сырттан әкелінді және 26,7 млн АҚШ доллары сомасында 4,6 мың тонна балық экспортталды.
Биыл негізінен Норвегиядан 23,9 млн АҚШ доллары сомасында 5,7 мың тонна балық әкелінді. Ал Исландиядан - 1,2 млн АҚШ доллары сомасында 0,6 мың тонна, Вьетнамнан - 0,7 млн АҚШ доллары сомасында 0,1 мың тонна көлемінде, сондай-ақ басқа Еуропа елдерінен де әкелінгенін айтып өткен жөн.
Германияға 9,1 млн АҚШ доллары сомасында 1,1 мың тонна балық экспортталды. Нидерландыға 5,1 млн АҚШ доллары сомасында 0,8 мың тонна, Литваға 3,7 млн АҚШ доллары сомасында 0,5 мың тонна, Украинаға 0,3 млн АҚШ доллары сомасында 0,1 мың тонна, Қытайға 0,6 млн АҚШ доллары сомасында 0,3 мың тонна, Өзбекстанға 0,1 млн АҚШ доллары сомасында 0,2 мың тонна және басқа Еуропа елдеріне экспортталған.
2021, 2022 және 2023 жылдың 4 айындағы кедендік статистикасына сүйене отырып, басқа елдерден импортталатын сұранысы жоғары балық түрлері анықталды. Негізгі жеткізушілер – Норвегия мен Чили. Сұранысы жоғары болып тұрған - мұздатылған Атлантика және Дунай ақсеркесі, скумбрия және майшабақтар (20,7 млн АҚШ доллары сомасында 55,6 мың тонна).
Сондай-ақ мұздатылған балық басқа Еуропа елдерінен де әкелінеді.
Сонымен қатар 2021, 2022 және 2023 жылдың 4 айында Германия, Литва, Нидерланды және басқа да Еуропа елдеріне 111,1 млн АҚШ доллары сомасында 17,0 мың тоннаға мұздатылған тұщы суда мекендейтін балықтың жон еті экспортталды.