27 Қазан 2026, 13:27 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымы лицензиясынан айырылды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тексеру барысында заңбұзушылықтарды анықтаған.

Қазақстанда жеті микроқаржы ұйымының (МҚҰ) қызметінен заңбұзушылықтар анықталып, олардың лицензиялары қайтарылды.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан мәліметке сәйкес, жекелеген микроқаржы ұйымдарының қызметіне тексеру жүргізілгені хабарланды. Тексеру барысында заңнама талаптарының жүйелі түрде бұзылғаны анықталған. Соның салдарынан қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары бұзылған.

Осыған байланысты жеті микроқаржы ұйымын микрофинансылық қызметті жүзеге асыру лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды. Олар:

  • «MaxMoney» МҚҰ;
  • «Microfinance Systems» МҚҰ;
  • «SurfKaz Finance» МҚҰ;
  • «MFO№1» МҚҰ;
  • «Үміт Финанс» МҚҰ;
  • «Вивус» МҚҰ;
  • «EL QAZYNA» МҚҰ.

Қабылданған шешімдер заңбұзушылықтардың жолын кесуге, жосықсыз тәжірибелердің алдын алуға, микроқаржы нарығына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруға және заңнамада белгіленген талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, лицензиясынан айырылған микроқаржы ұйымы микрофинансылық қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ жекелеген жағдайларды қоспағанда, қолданыстағы микрокредит беру шарттарының талаптарын өзгертуге құқылы емес.

Заңнамаға сәйкес, лицензиясынан айырылған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде микроқаржы ұйымы атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, олардан туындаған сөздерді немесе заңды тұлғаның микрокредит беру қызметімен айналысатынын білдіретін аббревиатураны алып тастау арқылы қайта тіркеуден өтуге міндетті. Бұған қоса, ұйымды қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдай алады. Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар МҚҰ клиенттері шарт талаптарына сәйкес міндеттемелерін орындамағаны үшін жауап береді, – деп нақтылады ведомстводан. 

Тағы оқи отырыңыз: Несие алуға келгендер артық ақша төлеген: «Экспресс Займға» қатысты тергеу жүріп жатыр 

«Альби» ломбардтары заңсыз қарыз берген: Күдіктінің 21 пәтері мен қонақүйі тәркілене ме?